Комитет отырысында туризмнің түйткілді мәселелері және шешу жолдары айтылды
Ұлттық палата алаңында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, ҰКП туризм комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, «Kazakh Tourism» ҰК және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Туристік сала комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиында мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру мәселелері, сондай-ақ «KazakhTourism» ҰК АҚ-тың 2024 жылға арналған жоспары қаралды.
Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова саланы мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру бойынша нарықтағы ахуал туралы айтып, 2022-2023 жылдары келіп түскен және мақұлданған өтінімдердің санына қатысты деректерді атады. ҰКП мамандары өтінімдерді беру мерзімін 1 желтоқсанға дейін ұзарту, сондай-ақ шығындардың бір бөлігін өтеу мөлшерін ұлғайту, цифрландыру, объектілерді салу мерзімдері бойынша мониторинг жүргізу жүйелерін енгізуді ұсынды.
Бұдан әрі Алматы, БҚО, Түркістан және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері түйткілді мәселелер мен нақты кейстерді айтты.
Жиында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев республикалық және облыстық бюджеттерге қатысты өзгерістер жасалғанын хабарлады. Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды әзірлеу шеңберінде мемлекеттік қолдаудың 7 шарасынан 4 шара бойынша трансферт (туравтобустар сатып алу, туризм объектілерін салу, күтіп ұстау) республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге берілді. Бұл өзгерістер жергілікті деңгейде шығындарды қабылдау мерзімін ұзартуды жеңілдетеді.
«Шағын сомасы бар өңірлер бойынша субсидия төлеу мәселесі жергілікті бюджеттен облыс әкімімен келісім бойынша қолмен шешілетін болады», – деп түсіндірді Е. Еркінбаев.
Сонымен қатар, спикер шетелдік азаматтарды орналастыру орындарымен тіркеу бойынша ҚР заңнамасын сақтау қажеттігін атап өтіп, барлық орналастыру орындарын E-Qonaq жүйесіне қосуға шақырды.
Сондай-ақ, жиында «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов Ұлттық компанияның 2024 жылға арналған жоспарларын таныстырды. Атап айтқанда, алдағы халықаралық және республикалық іс-шаралар, оларды қаржыландыру, елдің туристік әлеуетін ілгерілету жолдары, цифрландырудағы жоспарлар, туристік өнімдерді дамыту туралы ақпарат ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігінің өңірлердің (Қостанай облысы, СҚО, БҚО, Түркістан облысы, Алматы қаласы) әкімдіктерімен бірге кәсіпкерлерге жергілікті бюджеттен төленетін төлем мәселелерін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қызылорда облысы бойынша – бюджетті нақтылау кезінде биыл министрлік бюджеттік өтінімді ҚР ҚМ-ге қайта жібереді (төлемдер РБ-дан жүзеге асырылады). Министрлік кәсіпкерлерге субсидияларды қайтару осы жылдың 1 жартысында жүзеге асырылатынына сендірді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер туристерді қорғау және гидтерге көмек көрсету үшін туристік полицияны тарту, гидтер мен экскурсияшыларды аккредиттеу мәселелерін көтерді.
Жиынды қорытындылай келе, ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығын айтты. Туристік ағындарды ұлғайту үшін Қытайда қазақстандық туризм жылына дайындықтың маңызы, сондай-ақ туристердің қауіпсіздігі мақсатында өткір мәселелерді тез реттеу үшін ҚР ІІМ жанынан бірыңғай байланыс орталығын құру қажеттігін атап өтті.
«Комитет жұмысының екі сағатында біз жүйелі мәселелерді талқыладық, кәсіпкерлерімізді тыңдадық. Отырыс хаттамасын жасау және мемлекеттік органдарға жоғарыда аталған мәселелер мен оларды шешу жолдарын бақылауға алуды ұсынамын. Баршаңызға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамын. Осындай форматтағы кездесулерді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен тоқсанына бір рет жалғастырамыз деп үміттенемін», – деп қорытындылады Тимур Нақыпбеков.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: