astana-view

Қазақстан мен Башқұртстан бизнесінің ынтымақтастығы экономикалық бәсекеге қабілеттілікке ықпал етеді

2024 жылғы 24 Қаңтар
8294 просмотров

Елордада «Әріптестік орнатуға ұмтылыс: Қазақстан мен Башқұртстанның бірлескен экономикалық дамуы» атты Қазақстан-Башқұрт бизнес форумы өтті.

 «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин іс-шараға қатысушылармен сәлемдесіп, Форум екі ел экономикасының күн тәртібіндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының тарихы терең, көптеген ортақ мүдде, мақсаттары бар. Елдер айтарлықтай табиғи ресурстар, аумақтық артықшылықтар және технологиялық әлеуетке ие. Көрші елдердің өзара іс-қимылы біздің өңірде энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Біздің көлік инфрақұрылымын дамыту және логистикалық 2 орталық құру жөніндегі бірлескен жобаларымыз сауда байланыстарын сапалы жақсартуға және екі елдің экономикалық дамуына ықпал етеді», – деді Мұрат Амрин.

Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарында еуразиялық кеңістік үшін сауда хабтарының тұтас жүйесі құрылып жатыр.  Цифрландыру және инновациялар саласындағы өзара іс-қимыл әлеуетін атап өткен жөн. Елдер инновациялық жобалар мен стартаптарды белсенді дамытуда, сондықтан осы салада тәжірибе және сараптама алмасуға мүмкіндік бар. Бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер экономиканың нығаюына және бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін жаңа өнімдер мен қызметтерді жасауға әкелуі мүмкін.

Өнеркәсіп те маңызды рөлге ие. Сонымен қатар көршілес елдер экологияны да назарда ұстап отыр. Бұл салада экологиялық таза және энергияны үнемдейтін технологияларды құруға ұмтылыс бар.

Бұдан басқа, Қазақстанда бизнесті қолайлы жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған: арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар тиімді жұмыс істейді, даму институттары жеңілдікпен несиелеу және лизингтік қаржыландыруды жүзеге асырады, инвесторлар үшін мемлекеттік қолдау шаралары мен преференциялар заңнамалық түрде бекітілген.

«Қазақстан жаңа кооперациялық жобаларды іске асыруға мүдделі. Ал ең үлкен әлеует мұнай-газ және авто-машина жасау секторларында, ауыл шаруашылығы саласында және басқа да салаларда байқалады. Жалпы, өнеркәсіп секторын дамыту – Қазақстан үшін басымдыққа ие. Бұл шара елімізге ресурстарға тәуелділікті төмендетуге және экономикамызды әртараптандыруға көшуді жалғастыруға мүмкіндік береді, ал өнеркәсіптік технологиялар мен қолжетімді энергия көздерінің үйлесімі – елдеріміз үшін табыстың кепілі болады», – деп атап өтті Ұлттық палата төрағасының орынбасары.

Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі сенімді өсу көрсетті. Машина жасау саласы 11,4% өсіммен үлкен үлес қосты, онда жеңіл автомобильдер шығарылымының 13,6%-ға артуы маңызды рөл атқарды. Қостанай облысында өздігінен жүретін техникан, тіркеме және аспа жабдықтарын және АӨК-де пайдаланылатын нарықта сұранысқа ие басқа да өнімдерді шығаруды жүзеге асыратын машина жасау саласының 20-ға жуық кәсіпорны жұмыс істейді. Бұл «Агромашхолдинг», Қостанай трактор зауыты, Қостанай агромеханикалық зауыты, «Agral Farm» мал шаруашылығына арналған жабдықтар шығаратын зауыт, «Агротехсервис» өндірістік компаниясы. Өнеркәсіптің барлық дерлік кәсіпорындары ресейлік кәсіпорындармен тығыз серіктестікке ие.

Сонымен бірге, Башқұртстанның экономикасы дамудың кешенділігінің жоғары көрсеткіштері бар көп салалы құрылыммен сипатталады. Кейінгі жылдары Башқұртстан өз экономикасын айтарлықтай әртараптандырды және Қазақстан осы бағыттағы ынтымақтастыққа мүдделі.

«Өнеркәсіптік кооперация саласында ортақ әлеуетіміз зор. Біз тамақ, агроөнеркәсіп, тоқыма, химия, өндіріс салаларында үлкен перспективаларды көріп отырмыз. Башқұртстанда электротехника өнеркәсібі, аспап және станок жасау сияқты экономиканың түрлі салаларында қуатты өндірістік базаның болуын ескере отырып, бірлескен жоғары технологиялық өндірістер құру бойынша күш-жігерімізді арттыруды, сұранысқа ие өнімдер шығару және жаңа нарықтарды игеру үшін кооперацияны кеңейтуді ұсынамыз», – дейді Мұрат Амрин.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуетті дамыту бойынша бірлескен жұмыс қарастырылып жатыр. Тәжірибе алмасу және бірлескен маркетинг зерттеулер әлемдік нарықтағы позицияны нығайтуға және ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта кәсіпорындарды қолдау, ауыл шаруашылығында білім беру және кадрлар даярлау саласында ынтымақтастық жоспарланған.

Жиын соңында Мұрат Амрин осы форум қазақстандық бизнес-қоғамдастық арасында тәжірибе алмасу үшін оң серпін беретініне және диалог алаңы ғана емес, ұзақ мерзімді келісімшарттар, өзара тиімді ынтымақтастық жасау бойынша нақты мүмкіндік болатынына сенім білдірді.

Айта кету керек, Қазақстан мен Ресейдің жыл сайынғы өңіраралық форумы аясында мемлекет басшыларының қатысуымен Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесінің отырысы өткізіледі. Онда қазақстандық тараптан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов, ал Ресей тарапынан «Башқұрт содасы компаниясы» АҚ бас директоры Эдуард Давыдов тең төрағалар.

Форум аясында В2В келіссөздері және бизнес-қоғамдастық өкілдері арасында келісімдерге қол қойылды.

 Анықтама: Қазақстан Республикасы мен Башқұртстан Республикасы арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-қазанда 387,6 млн долларды құрады. БР-дан импорт – 316 млн доллар, ҚР-дан экспорт – 71,6 млн доллар.

Қазақстаннан Башқұртстанға экспорттың негізгі тауарлары: өнеркәсіптік тау-кен және пештер, машиналар мен құрылғыларға арналған бөліктер, шикі мұнай, винилацетат полимерлері, легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокат суық илектелген, сыра, беттік-белсенді заттар, жуу және тазалау құралдары, ерлер тоқыма киімдері, целлюлоза және оның туындылары, жеңіл автомобильдер болып табылады.

Башқұртстаннан Қазақстанға импорттың негізгі тауарлары: карбонаттар, қант, ағаш жоңқа тақталары, легирленбеген болаттан жасалған сым, жылтыратылған шыны, кокс және битум мұнай, натрий мен калий гидроксидтері мен пероксидтері, винилхлорид полимерлері.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер