astana-view

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көтерген мәселелер өзекті – Ерұлан Жамаубаев

2024 жылғы 26 Қаңтар
8349 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында ҚР премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.

Іс-шарада тұқым қоры және тұқымды субсидиялау базасының болмауы; ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суармалы су бағасын субсидиялау, сондай-ақ мерзімі 2023 жылы аяқталатын ұзақ мерзімді жеткізу келісімшарттарын ұзартуға қатысты мәселелер қаралды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев тұқым шаруашылығы мәселелерін көтере отырып, отандық фермерлер үшін 2023 жыл оңай болмағанын атап өтті.

«2023 жылғы егіс науқаны оңтайлы мерзімде өткеніне қарамастан, бірқатар өңірде вегетациялық кезең құрғақшылық жағдайында өтті. Ал негізгі астық егетін өңірлерде егін жинау науқаны жауын-шашынмен қатар жүрді. Қолайсыз күн райы астық сапасының нашарлауына, астықтың өнуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға, сондай-ақ дәнді дақылдардың төмен шығымына әкеп соқты», – деді ол.

Фермерлердің айтуынша, шамадан тыс ылғал салдарынан биылғы егіннің шамамен 50%-ы өніп кеткен. Қалған астық дымқыл күйінде орылды, оны кептіру керек еді. Бірақ бұл жағдайда бидай өнгіштігі жоғалады. Сондықтан алдағы 2024 жылғы егіс науқанының басты мәселесі сапалы тұқым іздеу болады.

«Қазақстанда тұқым қоры туралы ақпараты бар отандық тұқым өндірушілер мен сатушылардың базасы ашық қолжетімділікте жоқ. Сондықтан тұқым қорын қалыптастыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқым шаруашылықтары және жеке сатушылардағы тұқым қоры туралы жедел ақпаратпен қамтамасыз ету қажет. Ол үшін дақылдар бойынша сатуға жататын тұқым көлемі туралы жедел ақпаратты қалыптастыру қажет. Ресми интернет-ресурста тұқым қоры туралы ақпаратты қоса алғанда, тұқым өндірушілер мен сатушылардың жиынтық тізбесін орналастыру керек», – деп ұсынды Ұлттық палата төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, 2023 жылы күн райының қолайсыздығы және жиналған өнім сапасының төмендігіне байланысты тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болды.

Қолданыстағы астық дақылдарын субсидиялау қағидаларында сатып алынған элиталық тұқымдар мен бірінші репродукциялы тұқымдар үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын ішінара өтеу ғана көзделген. Дегенмен, фермерлердің көпшілігі тұқымдарды екінші репродукциядан жоғары емес сұрыпын пайдалануға мәжбүр болады. Бұл ретте нарықтық бағалардың төмендеуімен бірге егіннің сапасы мен көлемінің төмендігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатының тапшылығын тудырады.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП мамандары 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолжетімді мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету және оларға сапасын растайтын барлық құжатты ұсына отырып, екінші репродукциялы тұқымға субсидия алу мүмкіндігін беру маңызды деп санайды.

Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлер мәселелерді дұрыс көтеріп, фермерлерге осы салада қолдау қажет екенімен келісті.

«Бизнесті сапалы астықпен қамтамасыз ету керек», – деді премьер-министрдің орынбасары.

ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурызбеков ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су бағасын субсидиялау мәселесін көтерді.

 «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су бағасын субсидиялау жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының 5-тармағына сәйкес АШТӨ (көрсетілетін қызметті алушылар) су берушіге толық құнын не қолданыстағы тариф пен тарифтің субсидияланатын бөлігі арасындағы айырманы төлейді. Ал АШТӨ (көрсетілетін қызметті алушылар) қалған айырмасын субсидия алғаннан кейін су берушіге төлейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге белгіленген тариф және суару тәсіліне байланысты 50-ден 85%-ға дейінгі мөлшерде субсидия төленеді. Бұл шара фермерлер үшін су шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, субсидиялауға бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігі мәселесі қалып отыр», – деді Еркен Наурызбеков.

Осыған байланысты, Ұлттық палата мамандарының пікірінше, су беру бойынша нақты көрсетілген қызмет үшін су берушілерге тікелей субсидия төлеу бөлігінде қағидаларға өзгерістер енгізу қажеттілігі бар. Су берушілерге тікелей субсидия беру АШТӨ-ні мемлекеттік қолдау шараларымен толық қамтуға, АШТӨ-ге арзандатылған суармалы су алуға мүмкіндік береді және фермерлерден субсидиялауға өтінімдер беру бойынша жүктемені алып тастайды.

«Дольче» ЖШС коммерциялық директоры Баян Демеуова мерзімі 2023 жылы аяқталатын ұзақ мерзімді жеткізу келісімшарттарын ұзартуға қатысты мәселені көтерді.

ҚР-да 36 отандық тауар өндірушімен 4466 дәрілік зат пен медициналық бұйымдарды жеткізуге жасалған 98 ұзақ мерзімді келісімшарт бар, оның ішінде 46 – дәрілік заттарға және 52 – медициналық бұйымдарға жасалған.

Алайда,   ұзақ мерзімді келісімшарттарды ұзарту рәсімінің кемшілігі бар: ұзартуға өтінім бірыңғай дистрибьюторға жеткізудің ұзақ мерзімді шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін бір жылдан ерте емес, тиісті қаржы жылына жеткізудің әзірлігін растауды көрсетумен бір мезгілде ұсынылады.

Осыған байланысты ұзақ мерзімді келісімшарттары 2023 жылы аяқталған отандық тауар өндірушілер ұзартуға өтініш бере алмады. Бұл жайт олардың құқығын шектейді.

Бұл мәселе жұмыс тәртібімен пысықталатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер