astana-view

Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көпфункциялы орталықтар өңірлерде ашылады

2024 жылғы 30 Қаңтар
7080 просмотров

ҚР Үкіметінің отырысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов шағын және орта бизнесті қолдау шараларын атап өтті.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау операторы ретінде кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсетеді, «Мен – кәсіпкер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік әлеуетті дамытумен айналысады.

«Барлық құрал кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық, сервистік және білім беру қызметтерін көрсетуге бағытталған. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудың қолданыстағы шаралары, рұқсат беру құжаттарын алу туралы ақпараттандыру және консультация, бухгалтерлік есеп және салық есептілігі бөлігінде консультациялар, бизнес-жоспар мен тендерлік рәсімдерді әзірлеу жөніндегі қызметтер, құқықтық сүйемелдеу, салалық және бейіндік оқу, тәлімгерлік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру және басқа да шаралар», – деді ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов.

Сервистік қызметтер еліміздің барлық 20 өңіріндегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында облыстық және аудандық деңгейде ұсынылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша кәсібін енді бастаған  72 мыңнан аса кәсіпкер мен шағын бизнес өкілдері үшін 170 мыңнан астам қызмет пен консультациялар ұсынылды.

Бұдан басқа,  2023 жылдан бастап  «Мен – кәсіпкер» жаңа құралы іске қосылды. Бұл құрал екі бағытта іске асырылады. «Кәсіпке бағыт» кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында біліктілікке оқу және салалық (бейіндік) оқуды қамтиды. Оқуға бизнестің 27 салалық бағыты бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің 976 субъекті қатысты.  Кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар қыз-келіншектерге арналған қызметтерді қамтитын Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша  осы орталықтар шеңберінде 8 мың әйелге 13 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Соның ішінде «Бір ауыл–бір өнім» жобасын іске асыру шеңберінде 20 өңірлік көрме өткізілді, оған жергілікті шикізаттан тауар өндіретін  519 қолөнерші қатысты. Республика көлемінде 60 тауар іріктеліп алынды.

Райымбек Баталов 2023 жылы қол жеткізілген қаржылай емес қолдау шараларының көрсеткіштерін атап өтті.

«Шағын және орта кәсіпкерліктің 2 001 субъекті құрылды. (соның ішінде 1 892 жеке кәсіпкер, 99 ЖШС және 10  шаруа қожалығы); ШОК субъектілері үшін 244 рұқсат құжаты алынды (200-лицензия; 44-техникалық шарттар). Жалпы қаржыландыру сомасы 15,2 млрд теңгеге 1 314 жоба сүйемелденді. Жобалар аясында 2 147 жұмыс орны құрылды. 3 678-ден астам салық және статистика есебі дайындалды», – деді ол.

«2024 жылы біз өңірлік бағдарламалар және жаңа көпфункциялы орталықтардың ашылуын ескере отырып, қызмет шараларын ұлғайтуды қалаймыз», – деді спикер.

 

2023 жылы «Атамекен» ҰКП және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп Астана, Шымкент және Алматы қалаларында Кәсіпкерлерге қызмет көрсетін көпфункциялы орталығы жобасын пилоттық режимде іске қосты. Орталықтарда ұсынылған мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 9 мыңнан астам қызметті құрады.

Сондай-ақ, Ұлттық палата басшысы ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іске асырылатын 2024 жылға арналған жоспарды айтты.

  1. Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көпфункциялы орталықтардың табысты тәжірибесін ескере отырып, орталықтарды басқа өңірлерде ашу көзделген. Бұл шара қызмет көрсетуді офлайн режимнен онлайн режимге көшіру үшін негіз болады.
  2.  Бизнес-шолу, қаржыландыру тарту бойынша оқу және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бағыттары бойынша гендерлік бөлініссіз қызметтердің қолжетімділігін кеңейту. 
  3. Қызмет алушылар қатарына әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылай емес шараларын қосу.
  4. ҚР Сауда және итгерация министлігімен  бірлесіп, шағын және орта бизнеске электрон сауда бойынша жаппай оқу ұйымдастыру.
  5.  «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, екінші деңгейлі банктер, «Қаржыгерлер қауымдастығы», әкімдіктермен бірлесіп бизнесті қолдаудың қаржы құралдарын пысықтау.
  6. Ұлттық экономиканың ШОБ-ты қолдау жөніндегі қолданыстағы бағдарламасымен интеграцияланған өңірлік ерекшелікті ескере отырып, микро және шағын бизнес үшін жеке бағдарлама әзірлеу.
  7. Үкімет, инвестициялық штаб, Сыртқы істер министрлігі, жергілікті атқарушы органдармен орта және ірі бизнес үшін Инвестициялық жобалар тізілімімен интерактивті инвестициялық картаны енгізу жоспарланған. Бұл карта мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингінің бірыңғай тәртібін бекітуді көздейді.

«Өңдеу саласындағы шағын және орта бизнес, АӨК, көлік және логистиканы қолдауға қатысты жекелеген мәселелерді біз ҚР Үкіметімен бірлесіп талқылап, пысықтаймыз», – деп түйіндеді Райымбек Баталов.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер