astana-view

Ұлытау облысының кәсіпкерлері жер телімдерін алуға мүмкіндік жоқтығына шағымдануда

2024 жылғы 16 Ақпан
- Ұлытау облысы
9299 просмотров

Ұлытау облысының кәсіпкерлер палатасында бизнес құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыста жер учаскелерін бөлу және жария кадастрдың ақпараттандырылуы, сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдіктерінің интернет ресурстарына қатысты проблемалық мәселелер қаралды.


Кеңес жұмысына Кеңестің жаңа төрағасы Ерболат Бөрібаев, облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков, ӨКП төрағасы Гүлмира Қаженова, кеңес хатшысы, құқықтарын қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғалымжан Сүтбаев, құқық қорғау және қадағалау органдары, Кеңес мүшелері, сондай-ақ әкімдік өкілдері қатысты. 
 

– Соңғы уақытта кәсіпкерлер жер учаскелерін алуда мәселерге тап болып жүр, бұған себеп — бірыңғай кадастрлық картаға сәйкес орындардың жоқтығын айтады. Бұл саладағы негізгі проблемалардың бірі — жер учаскелерін бөлу процесінің ашықтығы мен тиімділігінің болмауы. Бұл жағдай іс жүзінде және мемлекеттік кадастрлық картадағы деректердің сәйкес келмеуінен туындайды, бұл заңды дауларға және бизнес-жобаларды іске қосудағы іркілістерге әкеледі. Мұның бәрі аймақтың экономикалық дамуына кері әсер етеді. Біз әкімдіктің сайттарына жүгініп, осы платформаларда бірыңғай кадастрлық карта да, бас жоспар да жарияланбағанын анықтадық, – деп атап өтті Жүрсінбай Лекеров бизнес-қоғамдастықтың проблемалық мәселесін айта келе.

 


Кеңес мүшелері жер учаскелерін бөлу процесінің ашықтығн арттыру бойынша ұсыныстарды талқылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жер учаскелерінің жария тізілімі барлық ниет білдірушілер үшін қолжетімді болуы тиіс. Бұл кәсіпкерлер мен тұрғындарға қол жетімді жер учаскелері туралы ақпаратты оңай алуға мүмкіндік береді, сонымен қатар өтініш беру мен рұқсат алу процесін жеңілдетеді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, ведомстволар арнайы электрондық платформаны іске қосуға дайын емес. Облыстық әкімдік пен Жезқазған қаласының сайтында - бұл ақпарат жоқ.  



 


Отырыс барысында мемлекеттік кадастрлық картаны пайдалана отырып, жер учаскелерін бөлу процесін жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді. Бұл қолайлы бизнес ортасын құруға және аймаққа инвестиция тартуға көмектеседі. 
 


– Өз бизнесін дамытқысы келетін және облысты дамытуға өз қаражатын салғысы келетін кәсіпкерлер жер учаскелерін ала алуы тиіс. Бас жоспар мен БМЖК туралы ашықтық пен ақпараттың болмауы қиындық тудырады және біздің кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін шектейді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігі үшін негіз құрылуда, – деп атап өтті Кеңес төрағасы Ерболат Бөрібаев. 
 


– Кәсіпкерлер Палатасы әрдайым мүдделерді қорғауға және өңірдегі бизнесті дамытуға қолдау көрсетуге дайын. Біз бұл мәселені шешу үшін билікпен және басқа да мүдделі тараптармен белсенді түрде ынтымақтасуға дайынбыз. Біз үшін кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Бұл мәселенің шешімі облысымыздың экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді, – деп атап өтті Гүлмира Изатуллақызы.

 


Кеңес қорытындысы бойынша бақылау-қадағалау органдары кәсіпкерлерден қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне келіп түскен осындай бас тартуларды талдауды ұсынды. Сондай-ақ, 10 наурызға дейінгі мерзімде әкімдік сайттарында бос жер учаскелері БМЖК туралы ақпаратты орналастыру туралы мәселені қарастыру қажет. Мемлекеттік құрылымдар, бизнес-қоғамдастық және басқа да мүдделі органдар осы проблеманы шешуге және экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған тиімді шараларды әзірлеу және енгізу үшін тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге тиіс.
Сонымен бірге кеңесте 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.


 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер