ҰКП жанындағы ESG және тұрақты даму кеңесінде талқыға салынатын басым бағыттар анықталды
«Атамекен» ҰКП жанындағы ESG және тұрақты даму кеңесінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тұрақты даму саласындағы реттеу мәселелері және ESG күн тәртібін дамыту жөніндегі бастамалары талқыланды.
Жиында Кеңес төрайымы Юлия Якупбаева агенттіктің қазақстандық қаржы секторына халықаралық қаржы стандарттарын енгізудегі қабылдап жатқан шаралар ашықтығының маңызын атап өтті.
«Қазіргі кезде Агенттік қаржы секторы үшін ESG ақпаратын ашу бойынша ұсынымдық кезеңді іске қосты. Келесі жылдан бастап мұндай ақпаратты ашу міндетті болады. Қаржы институттары бұл талаптарды қарыз алушыға міндеттейді деп болжануда. ҰКП бизнес субъектілерінің мүддесіне өкілдік ететінін ескере отырып, кеңес алаңын Агенттіктің ұсынымдарының жобалары бойынша белсенді, салалық диалог үшін пайдалануды ұсынамыз. Нақты секторды құжаттар дайындауға қатыстыру осы құжаттардың кәсіпкерлер үшін одан әрі орындалуын қамтамасыз етуде теңгерім табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Агенттіктің тұрақты даму және ESG саласындағы нормативтік базаны қалыптастыру жөніндегі ақпараты мен жоспарларын айтты.
«Агенттік жасыл қаржыландыру нарығын дамытудан басқа, қаржы нарығында ESG халықаралық стандарттарын енгізуге ұмтылып жатыр. 2022 жылы Агенттік ESG талаптарын енгізу және отандық нарықтың сараптамалық әлеуетін арттыру үшін IFC және ЕҚДБ-мен ынтымақтастық туралы келісім жасады. Қазірдің өзінде қаржылай емес ақпаратты ашу саласында негізгі стандарттарды енгізу бойынша нақты жоспарлар анықталды. Біз үшін бұл үдерістің кезең-кезеңімен өтуі маңызды. Мұның бәрі Жол картасында жазылған», – деп атап өтті Мария Хаджиева.
Бизнес өкілдері мемлекет тарапынан қолдау шаралары мен қосымша ынталандыру талап етілетінін атап өтті.
«Қазіргі кезде қатардағы қаржыландыру құралдары мен «жасыл» құралдарды қолданудың арасында үлкен айырмашылық жоқ. Осы себепті «Жасыл экономика» қағидаттарына көшу процесін жеделдету үшін мемлекет тарапынан қосымша ынталандыру қажет», – деді Еуразиялық Топтың ESG басшысы Кирилл Иванов.
Талқылауды жалғастыра отырып, банк секторының өкілдері көміртегі ізін есептеудің бірыңғай тәсілін анықтау қажет екенін атап өтті. Өйткені мұндай ізді көп маман оқи алмайды, есептемейді не түрлі тәсіл қолданады.
«Біздің банк өткен жылдан бері ESG стратегиясын жасап, өз клиенттерін тарта бастады. Біз алғаш рет несие портфеліміздің көміртегі ізін байқадық және кейбір қиындықтарға тап болдық. Біріншісі – банктің және кейбір клиенттердің көміртегі ізін есептеудің әртүрлі тәсілдерін қолданады. Екіншісі – көптеген бизнес өкілі көміртегі ізін әлі есептеп жатқан жоқ. Үшіншісі – Агенттік ұсынымдарының келісімдеріне сүйене отырып, бизнесті несиелендіру бойынша ерекшеліктер тізімі пайда болады. Біз бұл бастамаларды алдымен бизнеспен талқылау маңызды деп санаймыз», – деді Форте банкінің аға банкирі Әлия Дельмашева.
Жиында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұсынымдарының жобаларын қарау бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары қолдау тапты. Бұдан басқа мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптардың қатысуымен талқылау үшін мынадай бірінші кезектегі бағыттар тұжырымдалды:
* Ынталандыру және өсу әлеуеті тұрғысынан тұрақты қаржыландыру мәселелері (ҚНРА, ҰЭМ, АХҚО, КАЅЕ, «Бәйтерек» ҰБХ және т. б.);
* Көміртегі бірліктерінің айналымы мәселелері (ЭБЖМ және т. б. бірлесіп);
* Өңірлерді орнықты дамыту мәселелері және орнықты даму мәселелері бойынша ЖАО бағалау тәсілдері (ҰЭМ, әкімдіктер мен өңірлік ӘКК қатысуымен);
* Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыру жөніндегі жол картасы жобасы бойынша нарық ұсыныстары (ҰЭМ-мен бірлесіп).
Барлық талқылаулар кеңес алаңында 2024 жылдың бірінші жартысында өткізіледі деп жоспарлануда.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: