astana-view

Сенаторлар бизнеске әкімшілік жүктемені азайту туралы заңға өзгерістер енгізді

2024 жылғы 29 Ақпан
7338 просмотров

29 ақпанда ҚР Парламенті Сенатында екінші оқылымда бизнесті жүргізу мәселелері бойынша түзетулердің кезекті тоғызыншы пакеті қаралды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бизнес-қоғамдастық үшін маңызды заңнамалық бастамалардың бірі саналады.

 Заң жобасы 114 заңнамалық актіге 1 600-ге жуық түзету, соның ішінде 12 кодекс және 102 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.

Қарау қорытындысы бойынша 21 түзету ҚР Парламенті Мәжілісіне пысықтауға жіберілді. ҚР Парламенті Мәжілісі мақұлдаған қалған түзетулер ҚР Парламенті Сенатының екінші оқылымында қаралу барысында келісілді.

 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін Палата депутаттары Заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда мақұлдады. Осы түзетулер арқылы бизнес пен қоғамның мүддесін ескере отырып, кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңның жекелеген нормалары өзектендірілді. Жаңашылдықтар кәсіпкерлер үшін заңдарды қолдануды барынша жеңілдетуге және отандық кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп санаймыз», – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің айтуынша, заң жобасы үш түзету блогынан тұрады. Атап айтқанда, мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу механизмін жетілдіру, кәсіпкерлік қызметті жақсарту, сондай-ақ Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында енгізілген түзетулер.

«Ұлттық палата Үкіметпен бірлесіп, үш жылдан астам уақыт бойы  Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеуші саясатты енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша белсенді және кең ауқымды жұмыс жүргізіп келе жатқаны белгілі. Бұл заң жобасы осы жұмыстың жалғасы», – деп атап өтті Ербол Өстеміров.

  «Атамекен» ҰКП-ның тікелей қатысуымен 44 сала бөлінісінде салалық жұмыс топтары құрылды. Топтарға мемлекеттік органдар, кәсіпкелер мүше.

 Жұмыс топтары 44 саладағы 2 823 НҚА-ға талдау жүргізді. Онда 128 мың талап анықталды, соның ішінде 10 мыңнан аса талап жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына (ашықтық, орындылық, жүйелілік және болжамдылық, кәсіпкерлік қызметті реттеудің сенімділігі мен теңдігі) сәйкес келмейді.

 Он мыңнан талап ішіннен 9 мыңы жойылды. Қалған талаптар (шамамен 1 мыңы) Осы Заң жобасына енгізілген түзетулердің Бірыңғай пулы шеңберінде алынып тасталады.

Заң жобасын мақұлдау кезінде күтілетін нәтижелер – кәсіпкерлік қызметті реттеу мен қорғаудың жаңа механизмдерін енгізу, бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүддесінің теңгерімін қамтамасыз ету.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер