Неге ауыл шаруашылығын тек АШМ ойлау керек – Ербол Есенеев министрліктерді бірлескен жұмысқа шақырды
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселе көп. Кейде мемлекеттік органдардың фермерлерге қоятын талабы бір-біріне қайшы келіп жатады.
Демек, үкіметтік мекемелер арасындағы үйлестіру жұмыстары әлде де жүйелеуді қажет етеді. Ал, әр мемлекет үшін ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісі стратегиялық маңызы бар бағыт. Себебі олар азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Ел фермерлеріне қазір қандай қолдау керек және ауыл шаруашылығында қай салалар кенжелеп қалды? Қай бағытты дамыту күн тәртібіне шығуы тиіс? Қалайша арзан импортты азайтып, қымбат экспортты күшейте аламыз? Шаруалардың осы және өзге мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында Ұлттық палата төрағасының орынбасары Ербол Есенеев көтерді.
«Атамекен» өкілінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ауыл шаруашылығына көңіл бөледі және қаржыландыруды арттыруды тапсырып келеді. Дегенмен шешім таппаған түйін бар. Мысалы, соңғы 5 жылдың көлемінде ауыл шаруашылығындағы ІЖӨ екі есе артып, 9,5 трлн теңгені құрады. Өнімдердің экспортында да өсім көбейген.
«Оң динамика байқалғанмен, өкінішке қарай біз бидайды шикізат ретінде 200 доллардан, ал дайын өнімді тоннасын 1000 доллардан сатып жатырмыз. Ол үшін кешенді жұмыс жүргізу керек. Сондай-ақ, елдегі өндіріс процесін және фермерден өндіріске дейінгі жеткізуді реттеу керек,» – деп бастады алқаны Ербол Есенеев.
Ұлттық палата өкілі ведомстволардың арасындағы үйлестіру жұмыстарында олқылық барын атап өтті. Оның айтуынша, бір министрліктің талабы екінші министрліктің талабына қайшы және кейбір мәселелер осының әсерінен қалыптасып отыр.
«Неге ауыл шаруашылығын дамытуды тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ойлау керек? «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Мысалы, биыл Қаржы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС қайтаруды қиындатты. Салдарынан өңдеушілердің жартысы ҚҚС қайтара алмады. Сөйте тұра АШМ-ге инвестициялық әлеуетті арттыру керегін айтады. Сондай-ақ, Өнеркәсіп және Экология министрлігі техниканың қайта өңдеу ақысын енгізді. Салдарынан ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны төмендеді. Ал, АШМ-ге техниканы 10% жаңарту керек дейді. Мұндай жағдайда бұл талапты орындау мүмкін емес. Ұлттық банк ұзақ жылдар бойы несиені қолжетімді ете алмай келеді. ЕуроОдақ елдері баяғыдан 5%, Ресей 15%-бен беріп жатыр. Ал Қазақстан әлі 25%-дан түсе алмай келеді. Мұндай шарттармен бизнесті дамытуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан үкімет ауыл шаруашылығын дамытуды кешенді қарау керек,» – деді Ербол Есенеев.
Сарапшының пайымынша, агроөнеркәсіп кешені мықты болғанда ғана машина жасау дамиды, салық түсімі артады, еңбек өнімділігі күшейеді, ауылда жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, ол өсімдік шаруашылығына назар аударып, бидайды экспорттауда қиындықтарға тап болуымыз ықтимал екенін ескертті. Себебі қазіргі геосаяси жағдайда алаңдауға себеп бар.
«Иә, бұл бағытқа да назар аударамыз. Біз топ-10 бидай өндірушілердің қатарындамыз. Бірақ геосаяси жағдайды да ескеруіміз керек. Биыл Ресей шамамен 100 млн тонна бидай өндіреді. Түрікменстан арқылы Ауғанстанға бидайын жеткізеді. Порттар салып жатыр. Біз 8-9 млн тонна өнімімізбен ол қарқынға ілесе аламыз ба?!» – деп қосты мәселені спикер.
Бұдан бөлек Ербол Есенеев алқа отырысында фермерлерге қойылатын шектеулерді шет қалдырмады. Соңғы үш жылда Сауда министрлігі экспортқа 15 шектеу енгізген. Министрліктің күнбағысқа қойған алымы қымбат, күнбағыстың жарты құны – 100 доллар. Ал бұл өзекті мәселелердің қатарындағы сауал.
«Біз кәсіпкерлермен сөйлестік. Ешкім күнбағыс еккісі келмейді. Себебі оны май зауыттарына сата алмайды, ал экспортқа шығарайын десе, алымы қымбат. Келісімшарттардың үзілуі, қойманың толып, өндірістің өрге баспауы бизнестегі басты кедергіге айналып отыр», – деді Ербол Есенеев.
Ұлттық палата өкілі ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды бағыттарды: жайылымдағы мал шаруашылығы, тиімді суару, балық шаруашылығын атады.
«Бұл салаларға біз көп қаржы жұмсамаймыз. Ұлттық палата бизнеспен бірлесіп, 2030 жылға қарай қой санын 40 миллион басқа жеткізуге мүмкіндік беретін қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірледі. Бұл салаға ерекше көңіл бөлу керек және осы бағытта бізді қолдауды сұраймыз. Бұл ретте ветеринария саласындағы кадрлық мәселелерге де жіті назар аудару маңызды», – деді спикер.
Сонымен қатар, Ербол Есенеев топырақ құнарлығын сақтау, елдегі эпизоотиялық жағдай, агроөнеркәсіптегі ғылым, техникамен қамту секілді бағыттарға тоқталды.
«Мен Парламент депутаттарына және үкімет мүшелеріне осы аталған мәселелерді жіті назарға алып, алдағы жұмыста ескеруін сұраймын», – деп түйіндеді сөзін Ербол Есенеев Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: