Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қажет - Еркен Наурызбеков
«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Еркен Наурызбеков Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында сөз сөйледі.
Жиын барысында «Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін ұлғайту, импортты алмастыру тұрғысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері» тақырыбында Үкімет сағатының қорытындысы бойынша қабылданған ұсынымдарды іске асыру талқыланды.
Комитет төрағасы Әли Бектаев Қазақстан үшін агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының негізгі саласы екенін атап өтті. Жаңа технологияларды қолдану негізінде қайта өңделген өнімнің үлесін ұлғайту және Мемлекет басшысының оны 70 пайызға жеткізу туралы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет.
«Қазақстан үшін агроөнеркәсіп секторы мен қайта өңдеу өнеркәсібі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдеріне ішкі сұранысты қанағаттандыруда маңызды рөл атқарады. Үкімет, бизнес-қоғамдастық және ауыл тұрғындарының бірлескен күш-жігерімен ғана агроөнеркәсіп секторының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және елдің импорттық өнімдерге тәуелділігін төмендетуге болады», - деді Әли Бектаев.
Сенатор Закиржан Кузиев Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Комитет өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік органдарға 27 ұсыныс бергенін еске салды. Мәселен, 13 ұсыным бойынша мемлекеттік органдар қажетті шаралар қабылдады, 6 ұсыным орындалмады және талқылау және жоспарлау сатысында 3 ұсыным бойынша жұмыс жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов осы ұсыныстарды іске асыру үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына тиісті өзгерістер енгізілгенін айтты. Олар қайта өңдеу кәсіпорындарының барынша жүктелуін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін ұлғайту және ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын көрсетуге бағытталған.
«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Еркен Наурызбеков импортты алмастыру мәселелеріне тоқталып, қабылданып жатқан импортты алмастыру бағдарламалары барлық мемлекеттік орган тарапынан жан-жақты қолдауды талап ететінін атап өтті.
«Өкінішке қарай, ведомствоаралық үйлестірудің әлсіздігіне байланысты АӨК-те проблемалар тұрақты негізде туындайды. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитеті құқықтық актілерге қатаңдататын түзетулер енгізеді және ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау кезінде ҚҚС қайтаруды қиындатады. Ауыл шароуашылығы техникасына утиль алым енгізеді және техниканы жаңару қарқынын төмендетеді, Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС есепке алынатын импорт кезінде аса маңызды ұстанымдарды жоққа шығарады және тағы басқа мәселелер. Ұлттық Банк көптеген жыл бойы несие қолжетімділігі мәселесін шеше алмай келеді», - деді сарапшы.
АӨК және тамақ өнеркәсібі бір-бірімен тығыз байланысты және жеке-дара дами алмайтыны белгілі. Кейінгі 5 жылда ауыл шаруашылығының ЖІӨ 2 есеге артып, 9,5 трлн теңгені құрады. Өнім экспорты 1,6 есеге артып, 5,4 млрд доллар болды. Алайда, экспорттың оң серпініне қарамастан, Қазақстан азық-түлік өнімдерінің кейбір түрлері бойынша импортқа тәуелді болып қала береді.
Бұдан басқа, тамақ өнеркәсібінің барлық кіші салалары қазақстандық нарықта, атап айтқанда Қазақстанмен шекаралас аумақтарда ресейлік және беларусьтік тауарлардың ұлғаюын атап өтті. Мысалы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Ресей Федерациясының, Молдованың және басқа елдердің өнімдерінде тетрациклин, левомецитин, бацитрацин сынамаларын зерттеп, анықтайды. Бұл отандық сөрелерде қауіпсіздік пен техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін қауіпті импорттық өнімдердің бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібі халықтың азық-түлікке деген қажеттілігін іс жүзінде толық қамтамасыз етеді. Сүт өнімдері, шұжық өнімдері, балық, құс еті, қант және т. б. бойынша елеусіз импорт қалып отыр.
«Сондықтан отандық өндірушілерді қорғау мақсатында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, техникалық регламент талаптарын сақтау бойынша бақылау және мониторинг жұмыстарын күшейту қажет. Қазір АӨК үшін ахуалдық орталық жұмыс істейді. Импортқа тәуелділік проблемаларын шешу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден бастап тамақ өнімдерін өндірушілерге дейін, оның ішінде салық салу саласында АӨК-тің барлық саласындағы отандық кәсіпорындар үшін бәсекелестік жағдай жасау және қолдау қажет», - деді Еркен Наурызбеков.
Сондай-ақ, спикер қолда бар салықтық жеңілдіктер тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына босатылған қаражатты өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағыттауға, жаңа заманауи технологияларды енгізуге, қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға, сондай-ақ көрші мемлекеттердің өндірушілерімен бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен тамақ өнеркәсібі нарықта бәсекеге түсуі үшін қолда бар арнайы салық режимдері мен жеңілдіктерді барынша сақтау қажет», - деді ол.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Парламенттің азық-түлік қауіпсіздігі туралы жеке заң қабылдау жөніндегі бастамаларын қолдайды.
«Біз жаңа заң аясында мемлекеттік органдарды азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі саясатқа қайшы келетін қатаңдататын нормаларды қабылдауды шектейтін жеке норманы қарастыруды ұсынамыз», - деп қорытындылады спикер.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: