Алакөлге дейін қатынайтын пойыз саны артады
«Атамекен» ҰКП және бизнес-қоғамдастық өкілдері 2024 жылдың жазғы кезеңінде теміржол көлігімен жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиынға қатысты.
Бизнес-қоғамдастық жазғы маусымда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелеріне қатысты осымен екінші жиналыс өткізіп отыр.
Жазғы маусым қарсаңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ отырысына дейін жергілікті атқарушы орган өкілдері және өңірлік кәсіпкерлер палаталары басшыларының қатысуымен Алакөл жағалауындағы (Ақши-Көктума-Жалаңашкөл) үш теміржол станциясының жай-күйін тексеру ұйымдастырылған болатын.
Темір жол станцияларының жай-күйі және туристік бизнестің басқа да мәселелері 16 мамырда Алматы қаласында «Атамекен» ҰКП өкілдері мен Туристік сала комитетінің мүшелері қатысқан отырыста талқыланды.
Сондай-ақ, жиында Алакөл жағалауына көліктік қолжетімділік проблемасы талқыланды. Бизнес үшін бұл өзекті мәселелердің бірі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ақпараты бойынша, биыл ҚТЖ жолаушылар ағынын 270 мың адамға дейін арттырып, өткен жылмен салыстырғанда 16 мың жолаушыға көбірек тасымал жүргізуді жоспарлап отыр.
Осы жылы Алакөл бойынша барлығы 12 бағыт қарастырылған. Атап айтқанда, Астанадан - 3 бағыт (1-тальго); Алматыдан - 5 бағыт (2-тальго); екі бағыт - Шығыс Қазақстан облысынан; біреуі - Абай облысынан; 1 бағыт - Қызылорда облысынан қатынауды жоспарлауда.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар биыл Астанадан Үржар мен Үшаралға субсидияланатын әуе рейстері көзделмегендіктен, жолаушыларды тасымалдау бойынша негізгі жүктеме теміржол магистраліне түсетінін атап өтті.
Жиында туристік нарық өкілдері толғандыратын сұрақтарын қойып, бар проблемаларды шешудің мүмкін жолдарын ұсынды.
Талқылау нәтижесінде қатысушылар туроператорлар үшін ерте брондау қағидаларын қайта қарау және теміржол билеттерін сату бойынша Kaspi қосымшасын жетілдіру қажеттілігі туралы шешім қабылдады.
Жиынды қорытындылай келе, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов туристік нарыққа алдағы жазғы маусымда туристер үшін барынша қолайлы жағдай жасалатынын, барлық вагон ауаны салқындату жүйесімен және жолаушыларға арналған басқа да жайлылықпен жабдықталатынын сендірді.
«Атамекен» ҰКП өкілдері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапына белсенді ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, алдағы туристік маусымның жайлы, қолайлы және есте қаларлық болатынына тілектестік білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: