Қазақстан мен Сингапур сауда-экономикалық қатынасын нығайтты
Бүгін Сингапурда Қазақстан-Сингапур бизнес-форумы өтті. Форум алаңында екі елдің бизнес өкілдері бірқатар кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Сингапурдың географиялық қашық орналасуына қарамастан, бұл ел Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді. Былтырдың өзінде екіжақты тауар айналымының көлемі 1,8 млрд доллар, экспорт – 1,7 млрд доллар, импорт – 75 млн долларды құрады.
Қазақстан экономикасына сингапурлық инвестицияның тұрақты өсуі байқалады. Мұндай үдеріс investment-friendly саясаты арқылы ғана емес, сонымен қатар, «Бір белдеу, бір жол» жобасындағы стратегиялық жағдайдың есебінен қалыптасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнеспен кездесулерде, сондай-ақ, шетелдік кәсіпкерлермен түрлі шараларда Қазақстанның ең жоғары әлемдік стандарттарға сай келетін икемді, кедергісіз инвестициялық ахуал құруға ұмтылысын бірнеше рет атап өткен.
Президент Қазақстанның экономикалық реформаларын «Сингапур стиліне» жатқызды. Онда экономика қарқынды дамып келеді, ал мүмкіндіктер жеткілікті.
«Елімізде еркін нарықты дамытуға, инновацияны ынталандыруға және білімге негізделген экономикаға көшуге бағытталған ауқымды реформалар басталды. Бұл реформалар ең жоғары халықаралық стандарттарға, соның ішінде ЭЫДҰ стандарттарына сай келеді», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент екі елдің экономикалық қатынастарын ерекше назарға алып, инвестиция көлемі 1,7 млрд долларға жеткенін айтты.
«Осы орайда екіжақты серіктестікті дамыту үшін берік құқықтық негіздің болуы аса маңызды. Біз Инвестицияны көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификацияладық. Бұл құжат инвестициялардың жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді», - деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында тараптар бірнеше меморандум мен келісімдерге қол қойды. Осы орайда, Сингапур өндірістік федерациясы мен Қазақстанның сыртқы сауда палатасы («Атамекен» ҰКП-нің еншілес ұйымы) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды жеке атап өткен жөн.
Қос тарап компанияларға бизнес-миссиялар, іскерлік кездесулер, сауда жәрмеңкелері, көрмелер және Сингапурда немесе Қазақстанда өтуі мүмкін басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға жәрдемдесуге келісті.
Сингапур өндірістік федерациясы (Singapore Manufacturing Federation) Сингапурдың өндірістік секторының мүддесіне өкілдік етеді. Ұйым Сингапурдағы өндірістік компаниялардың ең ірі өкілі және Үкімет, кәсіпкерлік қоғамдастық және басқа да мүдделі тараптар арасындағы байланыс қызметін атқарады.
«Бұл бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жұмыс. Біз белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Ең бастысы, бізде Мемлекет басшысы айтқан және бүгінгі форумда талқыланған басым инвестициялық жобалар бар», – деді Райымбек Баталов.
Тұтастай алғанда, екі елдің ынтымақтастық спектрі сауда-экономикалық байланысты ғана емес, сонымен қатар, білім, энергетика, ақпараттық және қаржылық технологиялар мен мәдениет сияқты салаларды да қамтиды. Бұл ретте, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту әлеуеті әлі де шекті мәнге жеткен жоқ. Екі ел бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге ниетті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: