Отандық қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде дамудың жаңа серпіні болады
Төрт жыл ішінде осы салаларда құны 176 млрд теңгеге ондаған жоба іске асырылады деп күтілуде.
2028 жылға дейін қайта өңделген өнімнің жалпы өндірісі 1,4 есеге ұлғаяды. Мұндай нәтижеге алдағы төрт жылға арналған Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар арқылы қол жеткізілмек. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында айтылды.
Кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 176,2 млрд теңгеге 58 жобаны іске асыру жоспарланып отырғаны белгілі. Бұдан басқа, қайта өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, негізгі және айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікті несие беру, жаңа нарықтарды ашу арқылы қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделген. Бұл шаралар азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына жақсы серпін беріп, қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жиын қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мәселелерін егжей-тегжей талқылау үшін ведомствоға депутат Жигули Дайрабаевпен осы мәселелерді пысықтау тапсырылды.
Бұған дейін «Атамекен» ҰКП алаңында Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев: «Бизнес қана емес, әр азамат Үкіметтен нақты бағдар көріп, істің нақты жағдайы және қайда қозғалу керегін түсінгісі келеді. Жағдайды бақылауда ұстау әсіресе биылғы үлкен сынақтар мен импорт қысымы кезінде маңызды», деп атап өтті.
6 мамырда бизнес субъектілерінің Үкіметпен кездесуі барысында тамақ және өңдеу өнеркәсібінің дамуын тежейтін кедергілер қозғалды. Атап айтқанда, «Сауда туралы» ҚР Заңын қайта қарау қажеттілігі, бірыңғай талдау орталығының болмауы, отандық терең қайта өңдеу өнімдері бойынша проблемалар, дайын өнімді әуе қатынасымен тасымалдаудағы қиындықтар және басқа да мәселелер сөз болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: