astana-view

Павлодар облысының мүмкіндігі әлдеқайда көп – «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов

2024 жылғы 03 Маусым
3208 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Ол облыс әкімі Асайын Байхановтың бизнес-қоғамдастықпен кездесуіне қатысты.

Кездесуге ірі шағын және орта бизнестің, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылды, онда кәсіпкерлерді жеке қабылдау да алдын ала ұйымдастырылды.

Райымбек Баталов өз сөзін Павлодар облысы үлкен нәтижелерге қол жеткізген бай өңір екендігінен бастады. Алайда, бұл әлеует толық іске асырылған жоқ.

«Біз Палата ретінде Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен бірге бизнеске өзінің инвестициялық жобаларын іске асыруға және оларды жақсартуға мүмкіндік беретін ұсыныстар мен шешімдерді әзірлеуге назар аударамыз. Қазіргі уақытта елімізде, оның ішінде Павлодар облысында негізгі басым бағыттар бойынша 133 салалық кеңес жұмыс істейді», - деді ол.

«Атамекен» ҰКП басшысы бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, бизнес күткендей әсер алмайды.

«Сіз бен біз бюджетте қандай жағдай болып жатқанын білеміз және түсінеміз. Мысалы, субсидиялау жүйесі елеулі реформаны талап етеді. Сондықтан ҰКП қазір салалық және сараптамалық кеңестер арқылы оларды шешу үшін пакеттік шаралар әзірлеуде», - деп атап өтті Райымбек Баталов.

Спикер кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін ҰКП қол жеткізген нормативтік-құқықтық өзгерістер туралы да айтты.

«Салық Кодексі бойынша біз сіздермен бірге маңызды нәтижеге қол жеткіздік. Премьер-Министрдің қатысуымен өткен Экономикалық саясат жөніндегі Кеңестің соңғы отырысында бизнес-қоғамдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық Кодексінің Тұжырымдамасы қабылданды. Бұл біздің ортақ жеңісіміз! Алайда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын және орта бизнес үшін салық мөлшерлемелері бойынша мәселе ашық күйінде қалып отыр», - деді ол.

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыспен қамтылған 140 000-нан астам адам шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтінін хабарлады. Тағы 80 000 өнеркәсіп саласында жұмыс істейді.

«Мемлекетіміздің нақты саясатының арқасында бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының кешені іске қосылды. Бизнес-кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда қаржыландыру көлемі шамамен 2,5 есе өсіп, 12 миллиард теңгеге жетті. Бұл өңірдегі 3000-нан астам кәсіпкердің қарыздық  міндеттемелерін жеңілдетті. Жас кәсіпкерлерді қолдау үшін біз жеңілдетілген несиелендіруді қаржыландыру көлемін ұлғайтудамыз», - деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ, Асайын Байханов жастардың кәсіпкерлікке тартылуы 15 пайызға өскенін, бұл ШОБ өнімдерінің өндірісін 173 миллиард теңгеге дейін ұлғайтқанын мәлімдеді.

Облыс әкімінің кәсіпкерлермен кездесуінде Павлодар облысының прокуроры Берік Жүйріктаев сөз сөйледі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, соттармен, прокуратурамен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыс өз жемісін берді. Өңірлік палата осы мемлекеттік органдармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты. Осылайша, ӨКП алаңында бизнеске заңнаманы түсіндіру үшін дөңгелек үстелдің 21 отырысы өтті. Ал, прокуратурамен бірлесіп өңірдің бизнесімен алты кездесу өтті, оның үшеуіне облыс прокурорының өзі қатысты.

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес үшін ауыр жыл болғанын еске салды. Ауа-райының ыстық болуына байланысты  ірі жемшөп  жинау қиындай түсті.

«Бұл мәселені шешу үшін бизнестің бастамасымен тиісті ұсыныс облыс әкімінің атына жолданған болатын. Нәтижесінде құрғақшылық жағдайында ірі жемшөп дайындауға бұрын қарастырылған екі миллиард теңгеге облыс бюджетінен тағы бір миллиард теңге бөлінді. Осылайша 1500-ден астам ауыл шаруашылығы субъектілеріне қолдау көрсетілді.  Үкімет деңгейінде қаржы институттарында қарыздарды қайта құрылымдау және ұзарту арқылы бизнес үшін қаржы жүктемесін азайту туралы шешім қабылданды», - деді Ерқанат Әбенов.

Райымбек Баталов аталмыш жиыннан соң  бірнеше кәсіпкерлік нысандарын аралап, олардың қызметімен танысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер