astana-view

«Көк байрағымызға, әнұранымыз бен елтаңбамызға деген құрмет бір күнмен шектелмейді» - Райымбек Баталов

2024 жылғы 04 Маусым
6301 просмотров

Бүгін – ұлтты ұйыстыратын елдіктің белгісі, күллі әлемге қазақ деген халықтың тарихын, мәдениетін, бар жетістігін паш ететін мемлекеттік рәміздер күні. 

Әрине, көк байрағымызға, әнұранымыз бен елтаңбамызға деген құрмет бір күнмен шектелмейді. Адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік, молшылық, береке-бірлік пен татулықсынды асыл қасиеттерді айшықтайтын рәміздер қанымызда бар тектілікті меңзеп тұрғандай. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» демекші, еңсемізді тіктеп, бойымызға мақтаныш сезімін ұялатар жетістіктерімізді ескеріп, өзгеден артықшылығымызды бағалай білсек өсеміз, өркендейміз, қарыштап дамимыз. 

Дағдарыс екі бүйірден қысып, табиғи апаттаржиілегенде, әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыстар геосаяси жағдайды ушықтырғанда қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ деген ойдан аулақпыз. Дей тұра, халықаралық аренада тұрақтылық пен бейбітшілік мекені деп танылған еліміздің ертеңіне нық сеніммен қарап, биік мақсат қойғанда ғана ілгері басатынымыз анық.

Мақсатымыз айқын. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 3 жылда зор экономикалық серпіліс жасау міндеті тұр. Мемлекет басшысы бұл тапсырманы бизнес өкілдеріне жүктегені белгілі. 

Абырой болғанда, былтыр шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36,5% құрады.Яғни, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш алдын ала жоспарланған 40%-ға жетуі әбден мүмкін. Бұл – қуантарлық жағдай. 

2024 жылдың 1 мамырында елімізде 2,2 млн шағын және орта бизнес субъектілері тіркелді. 4 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ШОБ саласы былтырғымен салыстырғанда биыл 5,3%-ға өсім көрсетті. Демек, кәсіпкерлер қатары күн санап көбеюде. Оған мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау бірден-бір себеп екенін мойындауымыз керек. 

Әлбетте, түйіні тарқамаған түйткілдер баршылық. Алайда, қиындыққа қайыспай, кедергіге мойымағандар ғана мақсатына жетеді. Жалаң ұран, жалынды сөзден нақты іске көшетін заман туды. Еліміздің тұрақты дамуына әрбір азамат үлес қосқан жағдайда ғана бақуатты өмір сүреміз, тәуелсіздігіміздің игілігін сезінеміз. Олай болса, азаттықтың нышаны – көк байрағымыз шарықтап, елтаңбамыз асқақтап, әнұранымыз қалықтай берсін! Әр отбасына амандық, ырыс, береке, мол табыс тілеймін!
 

Райымбек Баталов, "Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер