astana-view

Пилотсыз авиацияның дамуы: Тұжырымдама қабылданса не өзгереді

2024 жылғы 04 Маусым
7319 просмотров

Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстандағы пилотсыз ұшу аппараттар нарығын дамытудың қазіргі мәселелері мен перспективаларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға бизнес-қоғамдастық, ғылыми ұйымдар және уәкілетті органдардың өкілдері қатысты. Олар пилотсыз авиациялық жүйелерді (ПАЖ) дамытуға жүйелі тәсілдерді әзірлеу үшін құрылған жұмыс тобының құрамына кірді.

«Бұл көлік саласының жай ғана спектрі емес, экономикалық тиімділікті арттыру, қауіпсіздікті нығайту және қызмет сапасын жақсартуға бағытталған артықшылықтары бар технологиялар бағыты. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдануға қолайлы жағдай жасау үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру керек. Көлік министрлігі Қазақстанда Азаматтық пилотсыз авиациялық жүйелерді дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге кіріскенін ескерсек, біздің жобаға қатысуға мүмкіндігіміз бар», - деді ҰКП Логистика және тасымалдау департаменті директорының орынбасары Инесса Жұмабаева.

 Әуе кеңістігіндегі пилотсыз авиациялық жүйелердің қызметін үйлестірудің жеткіліксіздігі, азаматтық құқықтық жауапкершілікті сертификаттау және сақтандыру мәселелерін реттеу, әкімшілік жауапкершілікті енгізу, маман дайындау жүйесін жетілдіру, пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдануды ырықтандыру – тұжырымдама жобасының назар аударуды қажет ететін негізгі аспектілері.

«Тұжырымдама жобасын әзірлеушілердің алдында тұрған маңызды мәселе –  статистика мен аналитиканың толық болмауы. Былтырғы мәліметтер биыл да қолданылған. Мәселен, түрлі сипаттағы, соның ішінде әскери мақсаттағы пилотсыз авиациялық жүйелерді сатып алуға ел Үкіметі шамамен 2,5 млрд теңге жұмсады. Бұл мемлекеттік сектордағы инвестицияның ауқымын байқауға мүмкіндік береді», –  деп атап өтті жобаның заңгер-консультанты Талант Рамазанов.

Іс-шара аясында Қазақстандағы пилотсыз авиация нарығының негізгі мәселелері талқыланды.

Азаматтық авиация қауымдастығының пилотсыз авиация комитетінің төрағасы, Astana Hub-тағы Drone Tech Center басшысы, Аардварк ЖШС директоры Дмитрий Иванов ресми дистрибьюторлар арқылы дрондардың заңды әкелінуін бақылау үшін мемлекеттік сатып алуды реттеу механизмін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Кәсібін адал жүргізетін компаниялар қаржылық шығындарды көтереді, есепке алу, тіркеу және кедендік рәсімдеу талаптарын сақтайды, бірақ көбінесе мемлекеттік сатып алу нәтижесінде тапсырыстар қағидаларды сақтамайтын компанияларға беріледі. Бұл жайт нарық туралы жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін.

Атап айтқанда, кәсіпкерлер  Ресей Федерациясына техникалық қызмет алу үшін  дрондарды экспорттау мүмкін болмайтынына алаңдайды. «Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы компаниялар қауымдастығы» кеңесінің басшысы, «GEOID» ЖШС техникалық директоры Нұрған Кемербаевтың айтуынша, дрондарды уақытылы жөңдей алмау жоспарланған жұмыстарды орындамау салдарынан компанияның экономикалық шығындарына алып келеді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдерінің бекітуі бойынша Өнеркәсіп комитетіне өтініш келіп түскен кезде оны ҚР Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да ұйымдарға қайта жібереді. Бұл шара ұлттық қауіпсіздік пен экспорттық тәуекелдерге байланысты жағымсыз салдарды айқындау үшін керек. Түпкілікті теріс шешім болған жағдайда, бұл мәселе Премьер-министрдің басшылығымен өтетін сараптамалық комиссия шеңберінде қаралады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің өкілдері Тұжырымдама негізгі бөлімдерінің бірін отандық технологияларды дамытуға арнау қажеттігін атап өтті. Қатысушылар нарықты дамыту үшін конструкторлық әзірлемелер, тәжірибелік үлгілерді жасау және эксперименттік авиация шеңберінде сынақтар жүргізу қажет екенін алға тартады.

«Ұлттық Гвария ынтымақтасуға ашық. Ұлттық ұлан академиясы мен ғылыми-зерттеу институты әлеуетін қолданып, ғылыми конференциялар, практикумдар өткізуді ұсынамыз. Ғылыми және техникалық әлеуетті тартпай, бағдарламаларды әзірлеу жағы өзгермейді. Жаңа дронды дамытудың қажеті жоқ, белгілі бір модельге лицензия алу жеткілікті. Ең бастысы – бағдарламалық жасақтама керек, ол біздің қолымызда ғой, әлеует бар», –  деді ҚР Ұлттық ұланының өкілі Ернар Ерекешев.

Жиында отандық жастар арасында дрон операторларын оқыту идеясы жақсы ұсыныстардың бірі болды. Білікті мамандарды дайындау пилотсыз авиацияны дамытудың маңызды аспектісі. Бұл мәселе ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігімен келісілген жағдайда, мұндай тәжірибені еліміздің жоғары оқу орындарында да, мектептерінде де енгізу жоспарланған.

Халықаралық тәжірибе ретінде Қытайдың тәжірибесі атап өтілді. Онда пилотсыз жүйелердің операторлығына әскери қызметке жарамсыз деп танылған жігіттер оқытылады. ПАЖ операторларын дайындау және заңнамалық деңгейде далалық сынақтармен Оңтүстік Корея үкіметі де айналысады. Ресей Федерациясында 9-10 сынып оқушылары алғашқы әскери дайындық курсы аясында дрондарды қолдану негіздерін үйренеді. Осы жағдайлардың әрқайсысы Тұжырымдама жобасында ескерілуі керек, деп атап өтті қатысушылар.

«Тұжырымдаманы әзірлеу, пилотсыз авиажүйелерді қолдану саласындағы заңнаманы жетілдіруде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, атап айтқанда бизнестің өзі шешуші рөл атқаруы тиіс. Мемлекеттік орган нормаларды қоғамдық талқылаусыз әзірлейтін жағдайдан аулақ болсақ екен. Бизнеспен тікелей диалог құру керек. Сондықтан бұл жай ғана келісу емес. Бизнестің өзі негізгі стейкхолдер, тіпті осы тұжырымдаманың авторы болуы керек», - деді Талант Рамазанов.

Іс-шара қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар пилотсыз авиация секторын дамытуда проблемаларды тиімді шешу және мақсаттарға қол жеткізуде бизнес қоғамдастық, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдар арасында белсенді өзара іс-қимыл орнату қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер