2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жүк тасымалдауды жетілдіру жолдары қандай?
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту туралы» ҚР Президентінің Жарлығы жобасының көлік-логистикалық кешенге қатысты бөлімін талқылау үшін кездесті.
Кездесу барысында тараптар Жарлық жобасында қамтылған көлік-логистикалық кешенге қатысты бөлімді егжей-тегжей қарады. Теміржол саласындағы тарифтерді реттеуге байланысты мәселелер, сондай-ақ жүк түрлері бойынша тарифтерді саралауды жою туралы ұсыныстарға басты назар аударылды.
«Атамекен» ҰКП мамандары ұсынылған өзгерістерге қатысты алаңдаушылық білдіріп, олардың елдің экономикалық дамуына ықтимал теріс әсерін атап өтті. Атап айтқанда, тарифтерді саралауды жойылса, қазақстандық экспорттаушылардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің әлсірейді, сондай-ақ халық үшін негізгі тауарлар мен қызметтердің негізсіз қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Салалық қауымдастықтар және бизнес-қоғамдастық өкілдері экономиканың тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін тарифтік саясатты қалыптастыру кезінде кәсіпкерлердің пікірін және нақты нарықтағы жағдайды ескеру қажеттігін атап өтті.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің салалық экономика департаментінің директоры Манас Иманғалиұлы жиынға қатысушыларды барлық мүдделі тараптың мүддесін ескере отырып, бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын мұқият қарауға және жобаға тиісті өзгерістер енгізуге дайын екеніне сендірді.
Көлік-логистикалық кешенді талқылау – оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және Қазақстан Республикасында орнықты экономикалық өсуге жәрдемдесуге бағытталған саланы дамытудың тиімді стратегияларын әзірлеу жолындағы маңызды қадам.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: