astana-view

«Атамекен» ҰКП: Бизнес жаңа салық кодексін әзірледі

2024 жылғы 20 Маусым
6786 просмотров

20 маусымда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Салық кодексі жобасының таныстырылымы өтті. Жаңартылған Салық кодексін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мен қаржы вице-министрі Ержан Біржанов таныстырды.

Жаңа Салық кодексінде ұсынылатын негізгі тәсілдермен танысу үшін түрлі қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер Қазақстанның барлық өңірінен онлайн түрде қосылды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2022 жылдың соңында салалық қауымдастықтар (одақтар) өкілдерінен, кәсіпкерлерден, салық кеңесшілерінен тұратын жұмыс тобын құрған болатын. Кәсіпкерлерді кеңінен қамту үшін ҰКП жанынан экономиканың негізгі секторлары бойынша қосымша салалық кіші топтар құрылды.

Мәселен, бизнес-қауымдастық өткен жылы Үкіметке кодекске түзетулер енгізу тұжырымдамасын ұсынды. Онда салық салу рәсімдерін жеңілдетуге, бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және ШОБ-ке бағытталған бірқатар негізгі өзгерістерге ерекше назар аударылған.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов өз сөзінде жаңа құжат құрылымы ұлттық палатаның салық салу жүйесін оңайлатуға бағытталған бастамаларына негізделгенін баса айтты. Негізгі қағида ретінде үш режимге бөлу ұсынылды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын және орта бизнес үшін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін.

Сондай-ақ, Жәркенов бизнес қауымдастығын толғандырып жүрген, қосымша талқылауды қажет ететін бірқатар мәселелер бар екенін атап өтті.

Оңды істердің қатарында ол 16-20 пайызға дейін көтеру жоспарланған ҚҚС мөлшерлемесі бойынша шекті көтеру бастамасының жойылуын атады. Бұл көрсеткіш 12% шегінде сақталды.

ҰКП-ның күш-жігері корпоративтік табыс салығы (КТС) нормасын өзгертуге бағытталды. Қадағалайтын ведомстволармен бірлескен жұмыс нәтижесінде нақты саралау енгізіледі. Бұл өндіріс орындарына айтарлықтай көмек болмақ.

«Қолдау бірыңғай жиынтық салықтың бөлігі ретінде кірістің 2 пайызын төлеу мүмкіндігінен тұрады. Қызметкерлер санына шектеу қойылмайды. Қазір бұл шекті көрсеткіш жылына 500 миллион теңге деңгейінде қалып отыр, бірақ біз оны 2 миллиард теңгеге дейін көтеруді ұсынып отырмыз.

Сонымен қатар, КТС мөлшерлемесі де төмендейді. Заңды тұлғалар үшін жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте 10% және жеке кәсіпкерлер үшін 5%», - деп айттыТимур Жәркенов.

Өз сөзінде Азамат Амрин Мемлекет басшысының тапсырмаларымен сәйкес келетін салық санын қысқарту, салық жеңілдіктерін тексеру, инвестициялық әлеуетті ынталандыру, КТС ставкаларын саралау сияқты мәселелер бойынша Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымын түсіндірді.

Бұдан өзге, Салық кодексін әзірлеу барысында мұнай-газ секторы, тау-кен-металлургия саласы сияқты экономиканың жүйе құраушы салаларына салық салу, сондай-ақ отандық өңдеуші кәсіпорындардың даму әлеуетін ынталандыру мәселелері қаралды. Таныстырылым барысында шағын бизнеске салық салу мәселелері де көтерілді.

Ержан Біржанов өз баяндамасында салықтық әкімшілендіруді жаңарту және салық органдары тарапынан бақылауды барынша цифрландыру қажеттігін атап өтті. Қаржы министрлігі Салық төлеушілердің хабарламаларын жіберудің ағымдағы жүйесін қайта қарауды, жекелеген салық төлеушілер үшін салық төлеуді кейінге қалдыру (бөліп төлеу) жөніндегі талаптарды жеңілдетуді және камералдық бақылау рәсімдерін қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында салық есептілігінің көлемін қысқарту жоспарлануда.

Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының негізін қалаушы Майра Байдубекова инновациялар туралы өз пікірімен бөлісті.

«Біздің қауымдастықтың қызметі әлеуметтік салаға қатысты болды және біз әрқашан корпоративтік табыс салығын және қосылған құн салығын төлеуден босатылдық. Енді олар бізді 10 пайыз салық төлеуге міндеттемекші. Біздің бизнес соншалықты үлкен емес. Бұл өзгерістер жеке мектептеріміз бен балабақшаларымызды жабу қаупіне әкеледі. Бізге бірдей жағдай, бірдей жеңілдіктер жасалғанын қалаймыз», – дейді Байдубекова.

Кездесуге қатысушылардың көптеген сұрақтарына мемлекеттік орган өкілдері таныстырылымнан кейін жауап берді. Солардың біріне жауап ретінде Тимур Жәркенов бұл тұжырымның Парламентте әлі де өзгеретінін атап өтті. «Атамекен» ҰКП ағымдағы нұсқаға енбеген бизнес-ұсыныстарды одан әрі де қорғайды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық жүйесін жетілдіру және кәсіпкерлікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыратын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер