Жаңа ережелер: импорттық дәрілерді таңбалаумен дәріхана қоймалары айналысатын болады
1 шілдеден бастап Қазақстанда барлық дәрілік заттарды міндетті таңбалау жүйесі енгізіледі.
Бұған дейін фармацевтикалық нарыққа қатысушылар импортталған дәрілік заттарды таңбалауды жүргізуге кеден қоймаларының дайын еместігін айтқан болатын. Олардың тарапынан дәрі-дәрмектердің халыққа қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін деген болжам жасалынды.
Ұлттық палата мен мемлекеттік органдардың алаңдарында өткен талқылаулардың оң нәтижесінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 19 маусымдағы №22 бұйрығы бекітілді. Бұйрыққа сәйкес, бизнеске импортталған дәрі-дәрмектерді ел аумағына әкелгеннен кейін дәріханалық (дистрибьюторлық) қоймаларда таңбалауды жүзеге асыруға мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда кеден қоймаларына тиісті дистрибьюторлық практика стандарттарына сәйкес келудің қажеті жоқ.
Сондай-ақ, бұйрықта тауарларды өндірістен тыс қайта агрегациялауға мүмкіндік беретін тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне жаңа қосымша талаптар көзделді.
Құжаттың ресми жариялануы 2024 жылғы 24 маусымда өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: