Медициналық бизнес ҚР Үкіметі алдында проблемалық мәселелерді көтерді
Премьер-Министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаровтың басшылығымен өткен жиында қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететін денсаулық сақтау саласындағы проблемалар талқыланды.
Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Жаңа ережелерге сәйкес, күндізгі стационарлар тіркелмеген халыққа терапевтік бейіндегі қызметтерді көрсетпеуі тиіс. Осыған байланысты бүгінде медициналық сақтандыру қоры тарапынан айыппұл салынады. Бұл 230-дан астам мекеменің жабылуына және халықтың медициналық көмекке қолжетімділігінің төмендеуіне қауіп төндіруі мүмкін.
Даудың негізгі аспектісі заңнамадағы қайшылық болды. Атап айтқанда, пациенттердің тіркелген жерінен тыс күндізгі стационардың (эндокринология, кардиология, невропатология және т.б.) қызметтерін алуда халықтың мүмкіндіктері шектелді, бұл да өз кезегінде медициналық қызмет нарығындағы бәсекелестікті төмендететінін айта кеткен жөн.
Күндізгі стационар өкілдері Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына мемлекеттік тапсырыс аясында терапевтік бейіндегі ауруларды емдеу жөніндегі қызметін шешуге бағытталған өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын айтты.
«230 күндік стационар базасында 2300-ден астам күндізгі стационар төсегі орналастырылған. Мұнда жылына 160 мыңға жуық пациент емделеді», - деді «GalaКлиника» ЖШС директоры әрі құрылтайшысы Галина Полтарецкая.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Денсаулық сақтау нарығының барлық қатысушылары үшін бәсекелестік қағидаттарын сақтау қажеттігін білдірді, бұл дегеніміз халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қолдаудың негізгі факторы болып табылады.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе жеке зертханаларда бруцеллезге зертханалық диагностика жүргізуге тыйым салу мәселесі болды. ДСМ бұйрығына сәйкес, патогенділіктің II тобына жататын бруцеллезді диагностикалауға тек мемлекеттік зертханаларға рұқсат етіледі. Бұл – мемлекеттік зертханалар жоқ шалғай ауылдық жерлерде ауруды уақтылы анықтауды қиындатады. Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП бруцеллез диагностикасын жүргізуге жеке зертханаларға рұқсат беру бойынша бұйрыққа өзгерістер енгізуді ұсынды. Өйткені осының алдында 7 жыл бойы бруцеллезге зертханалық зерттеулер бәсекелестік ортада жүргізіліп, шағым тудырмаған болатын.
Сондай-ақ, жоғары деңгейдегі кеңесте Бірыңғай дистрибьютормен медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуды кешіктіру мәселесі талқыланып, отандық медицина өнеркәсібінің дамуын шектейтіні және жедел шешімді талап ететіндігі айқындалды. «Атамекен» өкілдері ұзақ мерзімді шарттар жасасу үшін медициналық техника тізбесін келісу және жіберу процесін жеделдетудің маңыздылығын атап өтті. Себебі олардың болмауы салынған инвестицияларды қайтаруға кепілдік бермейді, ал бұл өз кезегінде инвесторлардың ҚР-да медициналық техниканың жаңа өндірістік желілерін ашуға бас тартуына алып келеді.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, жалпы сомасы 63,9 млрд теңгеге медициналық техниканы сатып алу жүзеге асырылды, оған МРТ, ангиографтар, КТ, ультрадыбыстық және рентген аппараттары сияқты түрлі жабдықтар кіреді. Саладағы жағдайды жақсартуға деген ұмтылысты Ұлттық экономика министрлігі және орталықтандырылған тәсіл арқылы ықтимал тәуекелдерді болдырмау және сатып алу тиімділігін арттыру маңыздылығын атап өткен басқа қатысушылар да қолдады.
Кеңес нәтижесінде премьер-министрдің орынбасары күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізіп, пысықтау тапсырылды. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша ақпарат Қазақстан Үкіметінің Аппаратына жіберіледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: