astana-view

Бизнесті дамыту перспективалары I Қазақстан-Өзбекстан сараптамалық кеңесінде қаралды

2024 жылғы 02 Тамыз
9899 просмотров

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға сапарына байланысты және Орталық Азия мемлекет басшыларының 6-консультативтік кездесуіне орайластырылған Қазақстан-Өзбекстан сараптамалық Кеңесінің I отырысы өтті.

Іс-шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Экономикалық зерттеулер мен реформалар орталығының және басқа да зерттеу орталықтары мен ұйымдарының сарапшылары қатысты.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин өз сөзінде екі елдің бизнесі арасындағы өзара тиімді қатынастарды дамыту жөніндегі Кеңестің жемісті жұмысына сенім білдірді.

«Бүгінде екі ел арасындағы тығыз өзара қарым-қатынас бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, қазақ-өзбек шекарасы арқылы жүктер мен көлік құралдарының өтуін жеңілдетуге, оның ішінде сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыруға мүмкіндік беретін үшінші елдердің нарығымен өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал ететін болады», - деп атап өтті ол.

Тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы айта келе, төраға орынбасары ҚР Үкіметінің Дарбаза – Мақтаарал жаңа ТЖ желісін салу бойынша жүргізіліп жатқан саясатын, өткізу қабілетін 10 млн тоннаға ұлғайтуға, сондай-ақ өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларын атап өтті. Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласы мен инвестициялардағы бірлескен кооперация мәселелері қаралды. 2023 жылы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 21,6 трлн теңгеге жетті, ал өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жалпы құны $2,6 млрд болатын 60-қа жуық бірлескен жоба іске асырылуда.

ҰКП өкілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық модельге көшу жөніндегі тапсырмасын еске салып, мемлекеттік ынталандыру шараларының құралдарын кеңейтуге және өңдеуші өнеркәсіптің отандық өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударды.

Қатысушылар өзбек тарапының Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында және Шымкентте құны $189,7 млн болатын инвестициялық жобаларына тоқталды. Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының (СӨЗИ) директоры Элдор Арипов көлік коммуникацияларын дамытуды және осы салада келісілген саясатты қалыптастыруды, сондай-ақ жетекші рөл атқаратын ортақ энергетикалық нарықты құруды атап өтті.

«Біздің мемлекеттеріміздің өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес келеді. Өңірлік даму аясындағы бірлескен іс-әрекетпен қол жеткізуге болатын ортақ  шешімдер баршылық. Бұл өңірлік ынтымақтастықтың локомотивіне айналады», - деп атап өтті Арипов.

Отырыс барысында ҰКП өкілдері, төрағаның орынбасары Мұрат Амрин және Энергетика және ТКШ департаментінің директоры Жақып Хайрушев су пайдалану және су-экологиялық қауіпсіздік сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалар мен ауыл шаруашылығын қоса алғанда, Ауғанстан бойынша бірлескен шешімдерді әзірлеу бастамасын қолдады.

Отырыс қорытындысы бойынша сараптамалық кеңестің қатысушылары ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындап, екі ел алдында тұрған міндеттемелерді қарады.

 

Анықтама ретінде: 2023 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы $4,5 млрд-қа жетті. 2024 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш $1,8 млрд құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт $1,3 млрд,  ал импорт $531,4 млн құрады.

Өзбекстанға экспортталатын негізгі тауарларға бидай, жартылай фабрикаттар, күнбағыс майы, бидай ұны, мыс кендері мен концентраттары, су, мұнай өнімдері және жас сиыр еті жатады.

Өзбекстаннан Қазақстанға импорт 2023 жылы $1,3 млрд, ал 2024 жылдың алғашқы алты айында – $531,4 млн құрады. Негізгі тауарлардың ішінде автомобиль шанақтары, іштен жану қозғалтқыштары, өрік, шие, шабдалы, қара өрік, қорғасын кендері мен концентраттары, қырыққабат, автомобиль бөлшектері, пияз және сарымсақты атап өтуге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер