astana-view

Қазақстан мен Қытай: достық пен сенім негізінде

2024 жылғы 08 Тамыз
6259 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов «Fortune Generation» бизнес-делегациясымен кездесу өткізді. 

Мақсаты – ҚР бизнес-мүмкіндіктерді, жобаларды және инвестициялық әлеуетті талқылау арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту.

Кездесуге «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов, кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов, «Fortune Generation» тең құрылтайшысы әрі атқарушы серіктесі Цзэн Рунхао, «Baojin Mining Group» атқарушы директоры Ян Ханьчжун, «Enjoy Airport» Басқарма төрағасы Лу Мэн және басқа да қытайлық кәсіпкерлер қатысты.

Өз сөзінде Р. Баталов Палатаның қызметі, мақсаттары мен міндеттері туралы айтып өтті.  

Сондай-ақ, Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі екенін және мұнай-газ секторы, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылатынын жеткізді.

Кездесу барысында қатысушылар туризм саласын дамыту перспективаларын да талқылады. Р. Баталов бірлескен жобаларды талқылауға әрдайым дайын екенін айтып, инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингі жүйесіне тоқталды. Бизнесті дамытудың жаңа құралы – инвестициялық жобалардың интерактивті картасы нақты уақыт режимінде инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша, инвесторларға Қазақстандағы жобалар туралы, сондай-ақ бизнесті жүргізу шарттары бойынша толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін бірегей деректер базасы екендігін алға тартты.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

М. Қарымсақовтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша қарқынды дамып, жаңа дәуірге қадам басуда.

Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, 2009 жылдан бері штаб-пәтері Шанхайда орналасқан «Fortune Generation» ұйымы отбасылық бизнестің сабақтастығына және жас буынның өсуіне баса назар аудара отырып, қытайлық кәсіпорындар үшін ең ірі платформа болып табылады.           

«Fortune Generation» 120-дан астам отбасылық кәсіпорындарды біріктіреді. Жылдық табысы $420 млрд  асады. Қатысушылардың орташа жасы – 35 жас, олардың көпшілігі құрылтайшы не бас директор лауазымдарын атқарады.

Кездесу соңында Р. Баталов жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және қытайлық компаниялармен жүзеге асыратын жобалардың ауқымын одан әрі кеңейтуге шақырды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер