astana-view

Алкогольсіз мезгіл: түнгі 2-ден кейін тамақтану орындарында алкогольді сатуға тыйым салу туралы бизнес қауымдастықтың пікірі

2024 жылғы 08 Тамыз
213 просмотров

2024 жылғы 7 тамызда «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Сауда Комитетінің отырысы өтті.

 

Күн тәртібінің басты тақырыбы ҚР Ішкі істер министрлігінің қоғамдық тамақтану орындарында алкогольді сату уақытын түнгі сағат 02:00-ге дейін шектеу бастамасы болды. Ведомство осы бастама қылмыстар санының азаюына бір септігін тигізеді деген ойды алға тартуда.

Алайда, өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтану ұйымының төрағасы Вероника Нұрпейісованың пікірінше, бұл мәселе сала ішінде үйлесімділіктің бұзылуын тудыруы мүмкін.

Алкогольді сату уақытын шектеу түнгі клубтар мен барлар үшін кірістің айтарлықтай төмендеуіне әкеліп соқтырады. Себебі оларға пайданың едәуір бөлігі түнгі уақытта түседі. Бұл ретте, ұсынылып отырған шектеу түнгі уақытта жұмысқа бағдарланған (тұрғын үйлерден қашық орналасқан) аймақтардағы мекемелерге қатысы бар ма, жоқ па ол жағы белгісіз болып отыр.

«Қорамсақ – Қазақстан Республикасы аумағындағы азаматтық және қызметтік қару-жарақ саласында қызмет ететін кәсіпорындар мен ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Сергей Катнов уақыт бойынша шектеу мәселесі практикалық тәжірибені егжей-тегжейлі зерделеуді талап етеді деген пікірмен бөлісті. Сарапшы бұл шара контрафактілік (лицензияланбаған) алкоголь өнімінің таралуына әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Өйткені, тұтынушы өнімді ашық сөрелерден таба алмаса, оны жабық жерлерден іздей бастайды.

Қайрат Мәжібаев бизнестің мүддесін ескеретін және қоғамдық тәртіпті сақтайтын мекемелерге қосымша сертификат енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Шуды оқшаулау құралдары, сапаны бақылау, қауіпсіздік және әлеуметтік жауапкершілікті қамтамасыз ету бойынша белгілі бір шарттарды енгізу мәселені оңтайлы шешуге септігін тигізеді.

Сондай-ақ, Мәжібаев бөтелкелер мен ыдыстардағы алкогольді сусындарды қоғамдық тамақтану орындарында сатуды шектеуді ұсынып, тек белгілі бір мөлшерде (құйылмалы) ғана сатуды қалдыруды айтты.

Отырыстың екінші бөлігінде «үй маңындағы дүкендердегі барлар» мәселесі көтерілді. Мұндай мекемелер бәсекелестіктің адалдық принципін бұзатыны айтылды.

«Цифрлық Қазақстан қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Ирина Тюгина «бар» ұғымының өзі заңда жоқ екенін және көбінесе қоғамдық тамақтану объектісі ретінде айқындалатынын атап өтті.

Вероника Нұрпейісова «үй маңындағы барлар» алкогольді алдында ұсынылған белгілі бір мөлшерде (құйылмалы) принципі бойынша сатуға болатынын жеткізді.

Жалпы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске қандай да бір шектеу шараларын енгізуге қарсы. Осыған байланысты Сауда комитеті аталған отырысқа бастамашылық жасап, қорытындыларын Үкіметтің алкоголь өнімдерін сатуды реттеу бойынша бастамасына бизнес қауымдастықтың ұсынысы ретінде мүдделі мемлекеттік органдарға жіберді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер