astana-view

Астанада «С5+Жапония» алғашқы бизнес-форумы өтті

2024 жылғы 09 Тамыз
7199 просмотров

Бүгін Астанада Орталық Азияның бес мемлекеті мен экономиканың негізгі салаларында жұмыс істейтін 100-ден астам жетекші жапондық компаниялар мен ұйымдардың өкілдерін жинаған «С5+Жапония» алғашқы бизнес-форумы өтті. Оған ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов, «Marubeni Corporation» директорлар кеңесінің төрағасы Фумия Кокубу, «РОТОБО» ТМД елдерімен сауда жөніндегі жапон қауымдастығының президенті Масами Иидзима және ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Іс-шараны ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов жүргізді.

Форумға Орталық Азия аймағы елдері мен Жапониядан 450-ден астам делегация өкілі жиналды. Жапонияның іскерлік қоғамдастығынан Toyota Tsusho Corporation, Mitsubishi Heavy Industries EMEA, Ltd., Mitsui & Co., Ltd сияқты ірі компаниялардың менеджерлері және сарапшылар қауымдастығынан салалық университеттердің ғылыми қызметкерлері қатысты.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов өз сөзінде аймақтың технологиялар трансфертіне мүдделі екенін баса айтты. Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару секторын, финтех пен электронды коммерцияны жаңғыртуға мүмкіндік беретін бірегей IT экожүйесін құрып жатқанын жеткізді.

«Жапония әлемдік экономикалық және технологиялық тұрғыда көшбасшы елдің бірі болып саналады. Өз кезегінде Орталық Азия – зор әлеует пен жан-жақты ынтымақтастық үшін барлық жағдайы бар серпінді дамып келе жатқан аймақ. Бүгінгі нәтижелі келіссөздер біздің көпқырлы серіктестігімізді сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған», - деді Премьер-Министр.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басшысы Мұрат Қарымсақов 1997 жылы Жапония Орталық Азия елдерінің артып келе жатқан әлеуетіне назар аударып, оларды «құнды және ажырамас аймақ» ретінде қарастырған алғашқы әлемдік держава екенін атап өтті.

«2004 жылы Жапония «Орталық Азия + Жапония» (немесе «С5+1») форматына бастамашы болды, бұл аймақтағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды. Бұл формат барлық қатысушы елдер үшін өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға оң нәтиже береді. Бүгінде көптеген жапондық компаниялар Орталық Азияда жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Форумға қатысушылар тақырыптық панельдік сессиялар мен іскерлік кездесулер барысында тәжірибелерімен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік алды», - деп қосты спикер.

Осылайша, Орталық Азия елдері өзінің табиғи, энергетикалық және адами ресурстарына, Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуына байланысты айтарлықтай даму әлеуеті бар маңызды экономикалық және қарқынды дамып келе жатқан аймақ болып табылады.

«Орталық Азия + Жапония» диалогы аясындағы бизнес-форумның нәтижесі көп қырлы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі құжаттарға қол қою болды.

Атап айтқанда, форум аясында Мұрат Қарымсақов өкілдік еткен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен жапондық «Minamin Co., Ltd» компаниясының Орталық Азиядағы өкілі Умид Тургунов өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Бұл құжат коммерциялық және кәсіпкерлік қызмет үшін экономикалық ақпаратпен, сондай-ақ екі тараптың нарығын дамыту үшін инвестициялық реттеу, экспорт мүмкіндіктері мен импорт қажеттіліктері туралы мәліметтермен тұрақты алмасуды көздейді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы серіктестер табу, өкілдіктер ашу, форумдар мен басқа да іс-шаралар аясында «Minamin Co., Ltd» ЖШС өнімдерінің көрмелерін ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде «Minamin Co., Ltd» ЖШС Жапонияда өкілдік ашуға, серіктестер іздеуге және ұқсас келісімдер бойынша басқа да қызметтер көрсетуге қол ұшын созады.

Аталған меморандумға қол қою аймақ елдері мен Жапонияның одан әрі ынтымақтастығының маңыздылығы мен болашағын айқындайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер