astana-view

«Жайлы мектеп» жобасының қоғамдық тыңдауларында талқыланған мәселелер

2024 жылғы 27 Тамыз
7269 просмотров

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру нәтижелері талқыланды. Президенттің бастамасымен іске асып жатқан жоба 2023 жылдан 2025 жылға дейін үш жыл ішінде 700 мыңнан астам оқушыны орынмен қамтамасыз етуге бағытталған.

ҰКП, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Қор басшылығы, ҚР Парламентінің депутаттары және қоғам қайраткерлері жоба аясында салынған мектептердегі жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды жақсарту бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. «Samruk-Kazyna Construction» жобасының операторы хабарлағандай, жоба аясында салынған алғашқы мектептер оқу жылының басында өз жұмысын бастайды. Бүгінде 434 600 оқушыға есептелген 208 мектептің құрылысы жүргізілуде. 1 қыркүйекке қарай 20 мектеп, жыл соңына дейін тағы 144 мектеп ашу жоспарлануда. Бұл ретте, 44 мектептің құрылысы 2025 жылға қалдырылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер жобаны қаржыландыру, мердігерлердің біліктілігі, құрылыстың сапасы мен ашықтығын бақылау, мұғалімдер мен басқа да қызметкерлерді тарту, әлеуметтік қолдау және инклюзивті кедергісіз орта құруға қатысты болды.

Ұлттық жоба мақсатының бірі ретінде отандық тауар өндірушілердің (ОТӨ) өнімдерін пайдалануға ерекше назар аударылды. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Мұрат Амрин қатысушыларға жиһаз өнімдерін сатып алу тек «Samruk-Kazyna» немесе «Атамекен» ҰКП тауар өндірушілерінің тізіліміне енгізілген ОТӨ арасында жүзеге асырылуы тиіс екенін еске салды. Алайда, жобаны іске асыру барысында қажетті сертификаттары жоқ әрі тізілімге енгізілмеген компаниялармен шартқа отыру жағдайлары анықталды. Бұл ретте, ұлттық оператор тарапынан түсініктеме берілмеді.

Сондай-ақ, «Samruk-Kazyna Construction» тарапынан ОТӨ-мен шарт жасасудың дұрыс жоспарланбағаны атап өтілді. Ал бұл өз кезегінде «Жайлы мектеп» жобасының жұмысына әсерін тигізіп, мерзімдердің қысқаруына әкеп соқты.

«Индустриялық сертификаты немесе CT-KZ жоқ компаниялармен жасалған шарттар ҚР Үкіметінің қаулысында бекітілген талаптарға қайшы келеді. Бұдан бөлек, ҰКП тарапынан ОТӨ аналогтары болса да, импорттық тауарларды қолдану фактілері анықталған. «Samruk-Kazyna» тарапынан аталған ескертулер қабыл алынып, ОТӨ тауарларына ауыстыру бойынша тиісті шаралар жүргізілуі тиіс», - деп атап өтті Мұрат Амрин.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов ұлттық жобада ОТӨ материалдарының пайдаланылуын мониторингілеу және қадағалау процесі жөнінде қазақстандық құрылыс саласында алғаш рет енгізілген Е-Qurylys электрондық платформасы туралы сөз қозғады. Жүйе барлық уәкілетті органдардың құжаттамаға электрондық форматта қол жеткізуімен құрылыс кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл деректерді өңдеуді жеделдетіп, қағазбастылықты жояды.

Жиында көтерілген басқа да мәселелердің қатарында балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету болды. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев қатысушылардың назарын партаның түсі мен реттелуі сияқты аспектілерге аударды. ГОСТ талаптарына сәйкес, парталардың ашық, қоңыр-сарғыш реңкте болуы керек.

«Жиһаз жасаушы ретінде мен балалардың денсаулығына айтарлықтай әсер ететін ұсақ-түйектерге мән беремін. Мәселен, үстелдің үстіңгі тақтайлары ақ түсте болмауы керек, бұл оқушыларда көз ауруларын тудыруы мүмкін. Осы ретте, техникалық регламентті бұзғаны және өнімнің қауіпсіздігі үшін кім жауапты болады деген сұрақ туындайды», - деп атап өтті спикер.

Жиын соңында Қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Жәмішев боялған пластикті пайдалануды және бастауыш сыныпқа арналған парталарды реттеу талаптарын сақтауды қоса алғанда, жиһаздардың қауіпсіздігіне сараптама жүргізуді тапсырды. Оқу-ағарту министрлігі жиһаздардың белгіленген нормаларға сәйкестігін тексеруді өз мойнына алды.

Жоба басталғалы «Атамекен» ҰКП бизнес-қауымдастық пен отандық өндірушілердің мүдделерін қорғай отырып, сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін қолдау көрсетіп келеді. Айта кетейік, осындай ауқымды бастамаларды іске асыруда жинақталған тәжірибені ескере отырып, отандық тауарларды толық көлемде қолдану маңызды болып табылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер