Хайнань порты. Қазақстан мен Қытайдың сауда торабы
Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі және Сыртқы істер министрлігі, Хайнань провинциясының партия комитеті, сондай-ақ, Қазақстандағы Қытай сауда палатасы өкілдерінің қатысуымен инвестициялық ынтымақтастық конференциясы (Хайнань еркін сауда порты) өтті.
Хайнань порты Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынаста үлкен рөл атқарады. Оның стратегиялық маңыздылығы, бірегей мүмкіндіктері инвестиция ағынын ынталандырып қана қоймай, сонымен қатар, жаңа бірлескен кәсіпорындардың пайда болуына, қос ел арасындағы сауда көлемінің айтарлықтай өсуіне негіз жасайды.
Сонымен қатар, Хайнанның еркін аймақ мәртебесі қазақстандық компаниялар үшін Оңтүстік-Шығыс Азияның қарқынды дамып келе жатқан нарықтарында жаңа көкжиектер ашады.
Хайнань провинциясы партия комитеті хатшысының орынбасары Шэнь Даньян өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, туризм және логистика сияқты түрлі салалардағы табыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде соңғы бір жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тауар айналымының көлемі айтарлықтай өскенін жеткізді.
Шэнь Даньян бұл байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Райымбек Баталов екі ел арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселесін айтты. Ол сондай-ақ, Қазақстанның Еуразиядағы саяси тұрақтылығы мен стратегиялық орналасуына байланысты шетелдік инвестиция үшін тартымды нарық болып қала беретінін мәлім етті.
«Атамекен» палатасы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған Қазақстандағы экономикалық реформалар үдерісіне белсене араласып, экономикамызға шетелдік инвестициялар үшін «ашық есік» саясатын ұстанады. Біз ҚР Үкіметімен тұрақты және болжамды салық режимін қамтамасыз ету, сот жүйесін жетілдіру және әділ бизнес-ортаны қалыптастыру үшін белсенді ынтымақтасудамыз», - деді Баталов.
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркімбаев өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы туристер ағынының айтарлықтай көбеюі визасыз режимнің енгізілуі мен рейстер санының артуы нәтижесінде болғанын айтты. Вице-министрдің айтуынша, биылғы жартыжылдық пен өткен жылдың жартыжылдығын салыстырған кезде екі еседен астам өсім байқалады. Ол мұны 2024 жылдың Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы деп жариялануымен байланыстырды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Қытайдың бастамасымен қолға алынған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасындағы Қазақстанның стратегиялық рөліне тоқталып, Қазақстан Еуразиядағы негізгі сауда-логистикалық хаб екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде қазақстандық компанияларға Қытай нарығына шығуда ең аз кедергілері бар бірегей мүмкіндіктер ашатын келісімдер бар.
Конференция барысында 8 маңызды меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Хайнань халықаралық экономикалық даму бюросы инвестиция тарту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Осылайша, аталмыш конференция Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: