astana-view

Өзін-өзі реттеу – нарық үшін ең тиімді механизм

2024 жылғы 16 Қыркүйек
1152 просмотров

Астанада Қазақстандағы өзін-өзі реттеуді дамыту перспективаларына арналған дөңгелек үстел өтті.

Шарада Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері «Атамекен» ҚР ҰКП Өзін-өзі реттеуді дамыту Комитетінің мүшелерімен бірге аталған институттың тиімділігін арттыру және одан әрі дамыту шараларын талқылады.

Басқосуда сөз алған «Атамекен» ҰКП Президиумының Өзін-өзі реттеуді дамыту Комитетінің төрағасы Екатерина Никитинская ӨРҰ мүшелігіне ену кәсіпкер үшін тиімді болуы тиіс екендігін атап өтті.

«Шетелдік тәжірибеде өзін-өзі реттеу «жұмсақ құқық» жүйесі ретінде кеңінен қолданылады, басқаша айтқанда, өндірістік процестердің салалық стандарттарын кәсіби бірлестіктер әзірлейді және бақылайды. Қазақстанда «жұмсақ құқық» құралдарын қолдану аясы дамымаған, бірақ оның сыбайлас жемқорлықты азайту және ескірген мемлекеттік реттеуді жаңғырту үшін орасан зор оң әлеуеті бар», - деді Никитинская.

Сондай-ақ, шарада мемлекеттік реттеу немесе өзін-өзі реттеудің қоғамдық қатынастардың салаларын дәл анықтауда ерекше маңызға ие екендігі айтылды. Жиналғандар кәсіпкерлік ӨРҰ-ны сақтай отырып, субъектілердің бірлестігі кәсіптік негізде жүзеге асырылатын салаларда ӨРҰ-ны дамытуға басымдық беру керектігін назарға алды.

«Атамекен» ҰКП Бизнес-реттеу департаментінің директоры Динара Ақынбекова бүгінгі таңда Қазақстанда өзін-өзі реттеу институтының дамуы экономиканы ырықтандыру және мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыру, бизнес үшін кедергілерді азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бұрынғыдан да өзекті болып отырғанын жеткізді.

«Бұл институт – артық заңнаманың орнына қызметтердің сапасын жақсартуға, сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік аппаратты азайтуға көмектесетін салалық стандарттар қабылданған кезде «жұмсақ құқық» құралдарын қолдануға мүмкіндік береді.

Бізде «Атамекен» алаңында жиналып, проблемалық мәселелерді пысықтау үшін саланың барлық мүдделі өкілдерін шақыруға мүмкіндігіміз бар.

Біз елімізде ӨРҰ дамуын тежейтін проблемалық мәселелерді бірге талқылауға, оларды шешу бойынша шараларды бірге дайындауға және ілгерілетуге дайынбыз.

Өз кезегімізде, біз ақпаратты тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу үшін бар күшімізді саламыз», - деді Динара Ақынбекова.

Спикерлердің пікірінше, кәсіби жауапкершіліктің белгісі белгілі бір тұлғаның біліктілігін кәсіби қоғамдастықтың бағалауы болып табылады. Ал,  өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелігінен шығару кәсіби дәрежелердің нақты «тазарылуын» қамтамасыз етеді. Нәтижесінде бизнесті қатаң реттеуден оның іскерлік белсенділігін ынталандыруға көшуге бағытталған өзін-өзі реттеу саласындағы жетілдірілген нормативтік құқықтық база қалыптасады.

Қорытындылай келе, жиынға қатысушылар қолданыстағы ӨРҰ үлгісін жетілдіруге әкелетін бірқатар заңнамалық өзгерістерді енгізу қажет деп шешті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер