astana-view

Сенатта салықтық әкімшілендіру мен преференциялардың ашықтығы талқыланды

2024 жылғы 19 Қыркүйек
4741 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу аясында бірқатар мәселелерді, соның ішінде салықтық әкімшілендіру мәселесін талқылады.

Кәсіпкерлерден түсетін сұрақтардың ішінде салық төлеушінің тәуекел дәрежесінің өлшемдеріне көп көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта бұл критерийлер құпия ақпарат болып табылады және жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектілер үшін де ашықтық бойынша мәселелерді тудырады. Басқарушы директор – Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Асқар Алматтың айтуынша, бизнес осы санатқа жатпайтындай әрекеттерді қарастыру қажет.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов жаңа Салық кодексінің жобасында тәуекел дәрежесі өлшем шарттарының моделі түбегейлі өзгеретінін атап өтті.

Салық кодексінің қолданыстағы нормалары (427, 428-бап) отандық тауар өндірушілерге (ОТӨ) Ұлттық экономика министрінің м.а. бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес, импортталатын тауарларға есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеуге мүмкіндік береді. Алайда, келесі жылдан бастап салық преференциясын жою жоспарлануда. Аталған тізбедегі тауарлардың көпшілігі бүгінде Қазақстанда өндірілмейтін өндіріс құралдары (металдарды өңдеуге арналған станоктар, өңдеу орталықтары, дәнекерлеуге арналған жабдықтар мен аппараттар, есептеу машиналары және олардың блоктары) болып отыр. Жаңа Салық кодексінің енгізу мерзімін кейінге қалдыруға байланысты 2025 жылдан бастап қолданысын ұзарту, сондай-ақ жаңа Салық кодексінің редакциясында аталған баптарды қалдыру ұсынылады.

Әдетте, машина жасау саласының кәсіпорындары металл өнімдерін бастапқы материалдар ретінде пайдаланады, ал олардың өндірісі елімізде дамымаған. Мәселен, ҰКП жаңа Салық кодексі аясында қолданыстағы кодекстің 399-бабына ұқсас елде өндірілмейтін металл өнімдерін импорттау кезінде ҚҚС төлеуді кейінге қалдыруды көздеуді ұсынады.

ҚР СК аясында металл өнімдерін импорттау кезінде ҚҚС төлеуден босату жөніндегі норманы енгізу іс жүзінде ҚҚС төлеу кейінге қалдырылып, бюджеттің тікелей шығындарына әкеп соқпайды. Себебі дайын машина жасау өнімін сату кезінде толық төленетін болады. Бұл шараны қолдану ОТӨ-нің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сақталған айналым қаражатын өндіріске жіберуге мүмкіндік береді.

Аталған барлық мәселені Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары назарға алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер