Қазақстан мен ACFIC жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда
Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда Федерациясы (ACFIC) делегациясының Қазақстанға сапары аясында маңызды кездесулер өтті. Тараптар екі ел арасындағы инвестицияның жаңа перспективаларын ашатын өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Кездесуге ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Райымбек Баталов, ҚР Сыртқы сауда палатасының басшысы Мұрат Қарымсақов, сондай-ақ еліміздің энергетика, көлік, сауда және интеграция вице-министрлері қатысты.
Екі ел арасындағы кездесудің бірінші бөлігінде ҰКП-да Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Басты назар Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды нығайтуға аударылды. Серік Жұманғарин қытайлық кәсіпкерлерге ерекше ризашылығын білдіріп, Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуы қарсаңында өткен кездесудің маңызы жоғары екенін айтты. Сондай-ақ ол соңғы 20 жылда тікелей инвестицияның жалпы ағыны 25 миллиард долларға жуықтағанын жеткізді.
Екі тараптың өкілдері Қазақстан мен Қытай арасындағы 90-нан астам бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады. 5,5 миллион қытайлық кәсіпкерлерді біріктіретін ACFIC ұйымының ауқымдылығына Райымбек Баталов тоқталды.
«Мұндай сапарлар іскерлік байланыстарды нығайтуға, Қазақстанға инвестиция тартуға ықпал етеді. Екі ел энергетиканы, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және көлік логистикасын жаңғыртуға үлкен инвестиция салуды жоспарлап отыр. Ал біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде бизнес пен мемлекет арасындағы байланысты реттейміз», - деді Баталов.
ACFIC өкілдері Қазақстандағы өз жұмысын кеңейтуге қызығушылық танытты. Делегация басшысы Орталық біріккен фронт басшысының орынбасары, партия комитетінің хатшысы және Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Шэнь Ин ханым биылғы маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Қытай әріптестігін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің делегацияның басты мақсаты – мемлекеттеріміздің басшылары қойған барлық міндеттерді жүзеге асыру. Сондай-ақ, қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлердің өзара байланыс алаңын құру арқылы ынтымақтастықтың одан да көп мүмкіндіктерін табу. Біз өз тарапымыздан қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайынбыз», - деді ол.
Шарада қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қазақстандық тараптың өкілдері республиканың экологиялық таза өнім өндіру бойынша әлемде алдыңғы қатарда екенін жеткізді. Бұл қытайлық әріптестер үшін айтарлықтай қызығушылық тудырады.
Жұмыс сапары аясында қытайлық делегация Солтүстік Қазақстан облысындағы Xi`an Aiju Group`s және Қонаев қаласындағы Huateng Energy компанияларының инвестициялық жобаларымен танысты. Бұл қытайлық бизнестің Қазақстандағы инфрақұрылымды дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы (ACFIC) Қытай экономикасының мемлекеттік емес секторының өкілдерін біріктіретін ең ірі ұйым болып табылады. 1953 жылы негізі қаланған ол бизнес пен үкімет арасындағы диалогта маңызды рөл атқарады, технологиялық инновацияларды алға жылжытады және кәсіпкерлерге шетелде бизнес мүмкіндіктерін іздеуде қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда ACFIC-тің 5,5 миллионнан астам мүшесі бар. Ұйым бүкіл Қытай бойынша аймақтық филиалдарының кең желісін ашқан.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: