Дүниежүзілік туризм күні: Астана жетекші сала мамандарын Fishbowl талқылауына жинады
Дүниежүзілік туризм күнін мерекелеу аясында ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Қазақстандағы тұрақты туризм» тақырыбында Fishbowl-пікірталасы өтті. Іс-шараны «Атамекен» ҰКП қолдауымен ҚР Президенттік орталығы, Еуразиялық туризм қауымдастығы, Астана қалалық туризмді дамыту орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Fishbowl-пікірталасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Жолдауындағы негізгі басымдықтарды ескере отырып, тұрақты туризм қағидаттарын ілгерілетуге және осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Еске салайық, қыркүйекте еліміздің негізгі туристік нысандарындағы инфрақұрылымды жаңғырту, туристік жобаларды жүзеге асыру кезінде экологиялық тепе-теңдікті сақтау және табиғатқа зиян келтірмеу мәселесі көтерілген болатын.
Бүгінгі кездесуде Қазақстандағы тұрақты туризмді дамытудың өзекті мәселелері мен даму болашағы жайы талқыланды.
«Тұрақты туризм – экономикалық өсуді, қоршаған ортаны қорғауды және әлеуметтік-мәдени байланыстарды дамытуды үйлесімді үйлестіруге мүмкіндік беретін Қазақстан үшін стратегиялық даму жолы. Тұрақты туризм қағидаттарын енгізу Қазақстанға халықаралық туристер мен инвесторлардың назарын аударып, аймақтағы көшбасшы болуға көмектеседі», - деді Якупбаева.
ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің құттықтау сөзінде туризм индустриясының өсу қарқыны әлемдік экономиканың көптеген басқа секторларына қарағанда әлдеқайда жылдам екенін атап өтті. Осылайша, биыл туризм саласына құйылған инвестиция екі есеге өсіп, 390 миллиард теңгені құрады. Бүгінде ҚР Туризм және спорт министрлігі арқылы жалпы құны шамамен 400 млрд теңгені құрайтын 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.
Өз кезегінде Қалалық туризмді дамыту орталығының президенті Әйгерім Есеналиева халықаралық туризмді дамыту, оның ұлттық экономиканы өркендетуге, халықтың көп бөлігін жұмыспен қамтуға қосқан үлесі, сондай-ақ отандық туристік салаға инвестициялар тарту құралдары туралы айтып берді.
Өз баяндамасында Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева Дүниежүзілік туристік ұйым, Дүниежүзілік саяхат және туризм жөніндегі кеңестің, Euromonitor International және басқа да ірі халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне негізделген Қазақстандағы қалалық туризмді дамыту тақырыбын қозғады.
«Қала туризмі бойынша VI жаһандық саммитте тұрғындар – қала қонақтары, ал туристер уақытша тұрғындар екені айтылды. Қазіргі таңдағы өзекті мәселе – қалалық туризмді дамыту үшін жалпы қалаларды жаңғырту қажет. Бұл урбанизацияның сын-қатерлеріне жауап беретін «Ақылды қала» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Қазірдің өзінде көптеген дестинациялар туристік индустрияға әсер ететін «ақылды қала» технологияларын енгізуде», – деп сөзін түйіндеді Р.Қарабаева.
Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Қазақстанның туристік саласының сарапшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен қоғам қайраткерлері қатарынан 60-қа жуық адам қатысты.
Ашық пікірталас барысында қатысушылар қазақстандық туризм саласындағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылады, сондай-ақ отандық туристік инфрақұрылымды жақсартуға, инвестициялар тартуға, елдің табиғи және мәдени мұрасын сақтауға, озық цифрлық технологиялардың тиімді құралдарын пайдалана отырып, республикада туристер үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Шара соңында жиналғандар туризм саласындағы кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Наградаларды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Президенттік орталық өкілдері табыс етіп, экологиялық жауапкершілікті туризм қағидаттарын ілгерілетудегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Анықтама: Туризм әлемдік экономиканың ең ірі ғана емес, сонымен бірге ең жылдам дамып келе жатқан саласы, яғни туризмнің дамуы экономиканың басқа салаларының өсу қарқынынан 2 есе асып түседі. Инвестициялық салымдардың тиімділігі сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша туризмді мұнай өндіру өнеркәсібімен салыстыруға болады.
Туризмді жедел дамыту үшін 2019 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Туризм саласының инвестициялық тартымдылығы күн санап артып келеді. ҚР Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесіп туристік саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру шарттарын белгіледі.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ақпараты бойынша Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Астана қаласының аумағын, Каспий теңізінің, Алакөл, Балқаш көлдерінің жағалауын, Щучинск-Бурабай, Баянауыл, Имантау-Шалқар курорттық аймақтарын, Алматы өңірінің тау кластерін және «Байқоңыр» ғарыш айлағын қамтитын елдің негізгі 10 туристік дестинациясын кешенді дамыту көзделген Қазақстанның ТОП-10 өңірінің мастер-жоспарлары әзірленді.
Бүгінгі таңда туризмдегі инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында артықшылықтар беру, жеңілдікті кредиттеу, сыйақы мөлшерлемелерін және кредиттердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты маңызды шаралар айқындалды.
Салалық инвестициялық жобалардың дерекқорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде оған 40 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 1 694,5 млрд теңгеге жуық сомаға 125 инвестициялық жоба кірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: