Түйіткілді мәселе өз шешімін тапты. Бизнес бос тұрған астық вагондарына арналған айыппұлдарды қайта қарауға қол жеткізді
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының АӨК Комитетінің құрамына кіретін Қазақстан астық одағы «Каскор-Транссервис» АҚ вагондардың бос тұрып қалуы үшін салған бірнеше еселенген айыппұлдар мәселесін сәтті шешті.
«Каскор-Транссервис» АҚ Ақтау порт станциясынан солтүстік және оңтүстік порттардағы астық терминалдарына дейін астық жүктерін тасымалдаумен айналысады. Вагондардың қозғалысын басқарудың және теміржол желісін ұстаудың тиімділігін арттыру үшін компания бос тұрған вагондар үшін айыппұлдар қолданды. Тарифтерді есептеу кезінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Тарифтік нұсқаулығы пайдаланылды. Оған сәйкес вагондарды күтудің стандартты мерзімі аяқталғаннан кейін базалық тарифтің 10 есеге өсуі күшінде болды.
Алайда мұндай қатал жағдайлар астық экспорттаушылары үшін үлкен қиындықтар туғызды. Мәселен, биылғы жылдың қазан айына дейін Ақтау порты арқылы 150 мың тонна астық жөнелтіледі деп жоспарланса, 1000-нан астам жүк тиелген вагон жолда тұр. Тиісінше мұндай жоғары айыппұлдар саудаға кедергі болды.
Астық одағының ұсыныстарын ескере отырып, «Каскор-Транссервис» АҚ Ақтау порты арқылы қазақстандық астықтың экспортын қолдау үшін айыппұлдарды азайту туралы шешім қабылдады. Бизнес өкілдерімен келіссөздер нәтижесінде компания 2024 жылдың 1 қазанынан бастап тарифтерді қайта қарайтынын мәлімдеді.
Енді вагондар 168 сағатқа дейін (7 күн) айыппұлсыз және ауа-райы жағдайлары туралы анықтама беруді қажет етпей бос тұра алады. Осы уақыттан кейін айыппұлдар базалық тарифтің бұрынғы 10 есе өсімімен емес бар болғаны 3 есе өсіммен салынатын болады.
Бұл қадам мемлекеттік органдардың араласуынсыз күрделі мәселелерді шешу үшін бизнестің табысты өзара іс-қимылын көрсететін елеулі жетістік болды. Мұндай өзгеріс экспорттық операциялардың дамуына оң әсерін тигізіп, әлемдік астық нарығындағы Қазақстанның позициясын нығайтады деп күтілуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: