«Сары қымыз сапырып, тамсандырған ауылым...» Астанада республикалық «Бір – ауыл, бір – өнім» көрмесі өтуде
Бүгін Астанада еліміздегі шағын және микро бизнесті дамытуға бағытталған республикалық «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының көрмесі басталды. Аталмыш шара 24 қазанға дейін жалғасатын болады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ұлттық экономика министрлігі және Жапонияның JICA агенттігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан бұл жоба жергілікті шикізаттан өнім өндіретін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде. Бірегей өнімдерді ілгерілету – аймақтардың визиттік картасы болады деп болжануда.
Бүгінгі көрмеде Қазақстан аймақтарының дәстүрлері мен ерекшеліктерін көрсететін өнімдердің кең ауқымы көрсетілді. Органикалық азық-түліктен бастап инновациялық ауылшаруашылық өнімдеріне дейін 44 тауар өндіруші өз өнімдерін көрмеге қойды. Олар ауыл кәсіпкерлігінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Шара қонақтарына жергілікті ресурстарды пайдалана отырып жасалған өнімдерді бағалау және сынап көру мүмкіндігі берілді. Бұл олардың республикалық және сыртқы нарыққа шығу әлеуетін арттырады.
Іс-шарада ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов БАБӨ-нің ел экономикасында алатын орны бөлек екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, вице-министр Үкіметтің әлеуметтік кәсіпкерлікке үлкен үміт артып, қолдап отырғандығын назарға алды.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков көрме – отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін көрсетудің тамаша мүмкіндігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жеңімпаздардың өнімдерін өндіруді қазақстандық ауылдарда ұйымдастыруға болады.
«Биыл жобаға еліміздің барлық өңірлерінен шамамен 800 өндіруші қатысты. Өткен жылы олардың саны 500-ден асқан болатын. Бұрын тек әйелдер ғана қатыса алатын. Осы жылдан бастап біз гендерлік шектеулерден бас тартып, қатысушылар санын арттыра алдық», - деді «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева.
JICA жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің өкілі Сатоши Цудзидің айтуынша, Қазақстандағы «БАБӨ» жобасының табысты болуы жобаға қатысушылардың еңбегі екенін алға тартты.
Көрмеге қатысушылардың бірі Дамыс Болатхан 5 жылдан астам уақыт бойы таза былғарыдан сөмкелер жасап келеді. «БАБӨ» жобасына қатысу арқылы ол жаңа жабдық сатып алу үшін қаражат жинай алды.
«Мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары, бизнесті қалай жүргізу керектігін және есеп беру туралы мүлде бейхабар едім. Бір танысым өзім жасаған сөмкелерді көріп, «Атамекен» ҰКП өндірісті ұйымдастыруға қол ұшын созатынын жеткізді.
Қазір мен түрлі көрмелерге қатысып тұрамын. Астанада дүкен аштым. Ақырындап дамып жатырмыз», - деді Дамыс Болатхан.
Саян Ахмеджан Абай облысының спортшылары арасында танымал болып келе жатқан «Аs tal» коктейлін шығарады. Ол талқаннан (қуырылған арпа не бидайдан жасалған) өндіріледі.
«Біз «Бір ауыл – бір өнім» арқылы кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Ол шағын кәсіпорындарға мемлекеттік қолдаудың белгілі бір құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Бастапқыда бізге бизнесті құруға және маркетинг бойынша көмек көрсетті.
Біздің өнімді қазір Абай облысының барлық өңірінен сатып алуға болады, жақын арада республикалық деңгейге шығуға үмітіміз бар», - деді Саян Ахмеджан.
«Бір ауыл - бір өнім» жобасы кәсіпкерлерді қолдауда және олардың өнімдерін жылжытуда шешуші рөл атқарады. Ол тек экономикалық аспект ретінде ғана емес, сонымен қатар олардың тұрақты дамуына ықпал ететін аймақтардың мәдени бірегейлігін нығайтуына септігін тигізуде.
Жеңімпаздардың өнімдерімен Астана қ., Д. Қонаев к-сі, 4, «Қазмедиа орталығы» ғимаратында танысуға болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: