astana-view

Ұлан-Баторда Қазақстан-Моңғолия Іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті

2024 жылғы 28 Қазан
2740 просмотров

28 қазан күні Ұлан-Баторда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Моңғолия Іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстан Республикасы Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов және Моңғолия Ғылыми-сауда-өнеркәсіп палатасының атқарушы директоры Дуурэн Тумэнжаргал қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары Қазақстан-Моңғолия Іскерлік кеңесінің жұмысы туралы Ережеге қол қойды.

«Бұл маңызды оқиға ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашады. Бірлескен цифрлық трансформация, инновациялық экожүйені дамыту, ғарыштық мониторинг және АКТ инфрақұрылымын жетілдіруде үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Қазақстан GovTech саласында, «Astana Hub» арқылы стартаптарды қолдауда, сондай-ақ телекоммуникация желілері мен цифрлық қызметтерді құруда тәжірибе алмасуға дайын. Біздің мақсатымыз – экономикалық байланыстарды нығайтып, тұрақты дамуға ықпал ететін стратегиялық серіктестік құру», – деді ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Коминвест төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Моңғолияның Сауда-өнеркәсіп палатасының екі мемлекет арасындағы тәжірибе алмасу және байланыстарды нығайту үшін бірегей алаң құру және сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсартуға айтарлықтай күш салуда, бұл капиталды тарту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Біздің Үкімет заңнаманы реформалауды, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуді және инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді жалғастыруда. Сонымен қатар, біз инфрақұрылымды белсенді дамытып, шетелдік компанияларға салықтық жеңілдіктер ұсынамыз. Осының барлығы біздің елімізді тұрақты және ұзақ мерзімді инвестициялар үшін, оның ішінде моңғол серіктестері үшін тартымды алаңға айналдырады», - деп атап өтті Ғабидолла Оспанқұлов.

Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы, өзара сауда көлемі 133 миллион долларға дейін өсті, оның ішінде экспорт 124,3 миллион долларды, импорт 8,7 миллион долларды құрады. Қазақстанның негізгі экспорттық өнімдеріне темекі өнімдері, тамақ өнімдері, қозғалтқыштар мен машина жасау өнімдері жатады. Өз кезегінде Моңғолия Қазақстанға теміржол вагондарын, құрылыс материалдарын, ет, кашемир және тоқыма өнімдерін жеткізеді.

Бұл оқиға біздің іскер топтарымыз үшін ғана емес, жалпы елдеріміз үшін де ерекше маңызға ие. Бұл туралы ҚР Сыртқы сауда палатасының басшысы Мұрат Қарымсақов айтты.

«Бүгін, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Моңғолияға сапары күні біз екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастаймыз, ол экономикаларымыздың дамуы үшін кең көкжиектерді ашады», - деді Мұрат Қарымсақов өз сөзінде.

Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басшысы Қазақстандағы экономикалық реформаларды белсенді түрде алға жылжытып, кәсіпкерлерді қолдап, шетелдік инвесторларды тартып отырған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі туралы да айтып өтті. Ол шетелдік инвесторлармен өзара әрекеттесу және жаңа жобаларды әзірлеуге арналған Ұлттық цифрлық инвестиция платформасын құру бастамасының маңыздылығын атап өтті.

«Платформада шетелдік инвесторлардың тізілімі және сала мен аймақ бойынша инвестициялық ұсыныстар пулы болады. Бұл үдерісте кәсіпорындарға инвесторлар тартуға және бизнесті дамыту үшін сыртқы серіктестер табуға көмектесетін Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басты рөл атқарады», - деп қосты спикер.

Палата төрағасы сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының палатааралық қатынастарды дамытудағы шешуші рөліне тоқталды. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Қазақстан-Моңғолия Іскерлік кеңесі құрылып, екі ел кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылы мен экономикалық ынтымақтастығын тереңдетудің жаңа мүмкіндіктерін ашты. Ынтымақтастықтың басым бағыттарына, соның ішінде технологияларға, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және көлік инфрақұрылымына бірлескен инвестицияларға ерекше назар аударылды.

«Моңғолия мен Қазақстан маңызды сауда тораптары болып табылады және Іскерлік кеңес арқылы біздің ынтымақтастығымыз осы бірегей артықшылықтарды барынша пайдалануға мүмкіндік береді, бұл экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, өңірлік және жаһандық саудадағы рөлімізді арттырады. Бүгінгі күн біздің елдеріміз арасындағы тереңірек экономикалық әріптестікке ұмтылуды білдіреді. Бұл экономикалық өсу мен тұрақты дамудың негізі болып табылатын ірі инвестициялық жобаларға да, шағын және орта бизнеске де қатысты», - деп атап өтті Сыртқы сауда палатасының басшысы.

Сәтті ынтымақтастықтың мысалы ретінде Мұрат Қарымсақов Моңғолия нарығында қатысуын белсенді түрде дамытып жатқан Caspian Beverage Group және «Шин-Лайн» сияқты қазақстандық компаниялардың қызметін атады. Ол кәсіпкерлердің бірлескен күш-жігері жаңа белестерді бағындырып, ынтымақтастықты тиімді әрі өзара тиімді етуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Іскерлік кеңестің қорытындысы бойынша Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Моңғолияның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Дуурэн Тумэнжаргал Іскерлік кеңес туралы ережеге қол қойды. Сонымен қатар, қазақстандық және моңғол бизнес өкілдері төрт коммерциялық келісімге қол қойды.

Осылайша, Қазақстан-Моңғолия Іскерлік кеңесі тек талқылау алаңы ғана емес, бизнесті қолдаудың және жаңа бастамаларды жүзеге асырудың нақты құралына айналды.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер