astana-view

Салық жүктемесін арттыру: бизнес көлеңкеде қалу қаупі жөнінде ескертеді

2024 жылғы 14 Қараша
4276 просмотров

«Учет.kz» алаңында салық жүктемесі тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Сарапшылардың пікірінше, жалақыны аудару кезінде төленетін жоғары салық үлесі кәсіпкерлерді жалақыны өз қызметкерлеріне бұрынғыдай «конвертте» беруге мәжбүр етеді.

Жаңа Салық кодексінің қабылдануы 2026 жылға шегерілді, алайда қолданыстағы редакцияға бекітілген өзгерістер келесі жылы күшіне енеді. 2025 жылдан бастап әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі 3,5% — дан 5%-ға дейін, әлеуметтік салық мөлшерлемесі 9,5%-дан 11%-ға дейін, ал жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары 1,5%-дан 2,5%-ға дейін өседі.

Бұл өзгерістер жеке кәсіпорындар мен олардың қызметкерлерінің жұмысына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Еңбекақы төлеу қорына ағымдағы 40% жүктемеге тағы 2,5% қосылады. Әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарының өсуі кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық туғызады.

Корпоративтік табыс салығы қазір пайданың 20% құрайды, ал кейбір кәсіпкерлер қызметкерлерге ресми түрде ең төменгі жалақыны ғана төлеу арқылы өз шығындарын азайтады, ал қалған кірістер заңсыз болып табылады.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов салық жүктемесі кезең-кезеңімен ұлғаятынын және келесі жылы ол шамамен 2,5%-ға өсуі мүмкін екенін атап өтті. Бизнес-қауымдастық бұны елеулі деп санайды және жалпы салық жүктемесін төмендетуге шақырады.

Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП Салық кодексінің жобасын әзірлеу барысында 20% мөлшерінде бірыңғай әлеуметтік салықты енгізу мәселесіне бастамашы болды. Қазірдің өзінде бизнеске айтарлықтай салық ауыртпалығы кедергі келтіріп, бұрынғыдай жалақыны «конвертте» алатын қызметкерлердің саны 2 миллионға жуықтады.   Егер жалақы қорына жүктеме артса, онда кәсіпкерлердің көбіне ауыртпашылық тиеді.  

Бұдан бөлек, жақында өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ХІІ съезінде және «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында, спикерлер мемлекеттік басқарудың өзінде ішкі рәсімдерді оңтайландыру арқылы шешудің қажеттілігін атап өтті.

Осындай пікірмен Тимур Жаркенов те келіседі. Оның айтуынша, мемлекет қаржылық жүктемені бизнес пен қоғамға толығымен жүктеудің орнына мәселелерді шешудің балама тетіктерін іздеуі қажет. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық өңірінен келген кәсіпкерлердің қатысуымен өткен съездегі мәселелерді шешудің жолын әзірлеп, Үкіметке ұсынғанын атап өтті.

«Мемлекет оң нәтижеге қол жеткізеді деп күткен міндет іс жүзінде кері нәтижеге әкелуі ықтимал. Нәтижесінде 2 миллион қызметкер емес, одан да асып кетуі мүмкін», - деп қорытындылады Т.Жаркенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер