Гүлнар Бижанова: «Ұлттық палата Үкіметпен ғылым мен өндірістің өзара тиімді іс-қимылы бойынша белсенді диалог жүргізуде»
Қарағандыда «Шаймалаудың заманауи әдістері және оларды Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешенінде қолдану перспективалары» атты ғылыми-технологиялық сессия өтті. Жиынға гидрометаллургия саласындағы озық технологияларды талқылау үшін ғылым, өнеркәсіп және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Сессияда пленарлық отырыстар, қазақстандық және шетелдік мамандар сөз сөйлеп, шаймалау саласындағы инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған мәселелер талқыланды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, ғылым және өнеркәсіп өкілдері қатысты.
Өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова ғылым мен өнеркәсіптің өзара іс-қимылын стратегиялық тұрғыда қайта жүктеу белсенді кезеңде екенін атап өтті. Өзара іс-қимылдың нәтижесінде 8 ғылыми-инновациялық сессия, техногендік минералды түзілімдерді қайта өңдеу жөніндегі өкілді форум ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша 100-ден астам технологиялық міндеттер мен ғылыми тақырыптар құрылып, олардың 15-і 2025-2027 жылдарға қаржыландыруға ұсынылды.
Айта кетейік, соңғы бес жылда ТМК кәсіпорындары 971 ҒЗТКЖ жобасына 140,58 млрд теңге инвестициялады. Бұл жұмыстар отандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен, сондай-ақ корпоративтік ғылыми орталықтардың күшімен бірлесіп жүргізілуде.
«Ғылыми-техникалық сессия тақырыбының өзектілігін атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешені Тау-кен өндірудің геологиялық жағдайларының күрделенуі, кен орындарының сарқылуы және кен құрамындағы пайдалы компоненттердің азаюы, экологиялық стандарттар мен қауіпсіздік талаптарының қатаңдауы, су және энергия үнемдеу технологияларын енгізу қажеттілігі сияқты сын-қатерлерге тап болып отыр», - деді Г. Бижанова.
Осы жағдайларға жауаптың бірі ғылым мен өндірістің тиімді интеграциясы болуы мүмкін. Оның айтуынша, ҒЗТКЖ-ны іске асырудың қолданыстағы тәжірибесі кәсіпорындардың өндірістік міндеттері мен ғылыми ұйымдардың мүдделеріне барынша толық жауап береді, басымдықтар мен перспективалық бағыттар дұрыс айқындалады.
Қазіргі уақытта Ұлттық палата ТМК-мен бірлесіп, Үкіметке елдің тау-кен металлургия кешенін дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеуді ұсына отырып, билікпен белсенді диалог жүргізуде. Стратегияның іргелі бағыттарының бірі ғылым мен өндірістің тиімді өзара іс-қимылы болуы тиіс.
«Біз мұндай Стратегия мемлекеттік деңгейде болуы керек деген ойдамыз. Бұл жер қойнауын тиімді басқару үшін ел Конституциясы бойынша жауапты тарап ретінде мемлекеттің айқын ұстанымы болып табылады. Стратегияда – халықтың, мемлекеттің және жер қойнауын пайдаланушылардың мүдделері бекітілуі тиіс», - деп қорытындылады ол.
Шара аясында өндірістік процестерге сәтті енгізілген ғылыми жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, іс-шара Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі өзекті міндеттерді шешуге және инновацияларды дамытуға бағытталған ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: