«Е-Тамға» салықтық жаңалығы бизнестің адал жұмыс істеуге ынтасын төмендетеді
Өзгертулер ҚҚС төлеушілер санын 2,5 есе арттырады, ал жалпы салық салынатын айналым небәрі 5%-ға ғана өседі.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне еніп, бизнес үшін бірқатар елеулі өзгеріске әкелмек. Сарапшылар қауымында ең көп талқыланып жатқан жаңалықтардың бірі – «Е-Тамға» деп аталатын электрондық шот-фактура (ЭШФ) жазып берудің автоматтандырылған жүйесі. Жаңа жүйе ЭШФ рәсімдемес бұрын қосылған құн салығын (ҚҚС) алдын ала төлеуді талап етеді, бұл кәсіпкерлер арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Мәселенің мән-жайын «Атамекен» ҰКП Салық салу департаментінің директоры, салық сарапшысы Айсұлу Молдағалиева баяндап берді.
«Е-Тамға» деген не және ол қалай жұмыс істейді?
«Е-Тамға» жүйесі ЭШФ жазу үрдісін автоматтандырады. Оның басты ерекшелігі – ҚҚС-ті алдын ала төлеу талабы. Егер кәсіпорынның есепшотында мәміле бойынша ҚҚС төлеуге жеткілікті қаражат болмаса, жүйе шот-фактура жазуға рұқсат бермейді. Яғни бизнес айналым қаражатын бөліп қоюға немесе үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін несие алуға мәжбүр болады.
Бұл жаңалық Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан үлкен сынға ұшырады, ұйым мұндай тәсілді әдіснамалық тұрғыдан қате деп есептейді. Себебі ҚҚС – негізінен жанама салық және ол мәміле жасалғаннан кейін, тауар немесе қызмет құнына қосылып төленеді. Ал алдын ала төлеу осы қағиданы бұзады әрі бизнеске қосымша қаржылық ауыртпалықты түсіреді.
«Е-Тамға» ықпалына кімдер түседі?
Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, жаңа жүйе төмендегі төрт санаттағы салық төлеушілерге қолданылады:
- жаңадан тіркелген ҚҚС төлеушілер;
- қатысушылары толық ауысқандықтан қайта тіркеуден өткен заңды тұлғалар;
- ЭШФ жазуды тоқтату туралы шешімі жойылған тұлғалар;
- нақты айналымды растау үшін ЭШФ-ны қайтарып алған тұлғалар.
Осы санаттарға жататын салық төлеушілердің тізімі салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде анықталады.
Неліктен бизнес бұған алаңдаулы?
Салық сарапшысы, «Атамекен» ҰКП Салық салу департаментінің директоры Айсұлу Молдағалиеваның айтуынша, басты мәселе – ҚҚС төлеушілер санының күрт артуында.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС бойынша есепке қою шегі қазіргі 20 мыңнан 10 мың АЕК-ке дейін төмендейді (шамамен 40 млн теңге).
Сонымен қатар, жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолдану мүмкін болмайтын қызмет түрлерінің «тыйым салынған тізімі» енгізіледі. Бұрын «жеңілдетілген» тәртіпті пайдаланған шағын бизнес өкілдері жалпы режимге өтіп, тиісінше ҚҚС төлеушілер қатарына қосылуға мәжбүр болады.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, бұл өзгертулер ҚҚС төлеушілер санын 130 мыңнан 340 мыңға дейін, яғни 2,5 есе арттырады, алайда жалпы салық салынатын айналым небары 5% ғана өседі. Мұндай сәйкессіздік әкімшілендіру шығындарының көбеюіне, сыбайлас жемқорлықтың артуына және бизнестің адал жұмыс істеу ынтасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
ҰКП-ның жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстары
Бұл норма қабылданып қойғанына қарамастан, ҰКП оны түзету қажеттігіне баса назар аударып отыр.
«Теріс салдарды азайту үшін біз «Е-Тамға» ықпалына түсетін салық төлеушілер санатын шектеуді ұсынамыз. Пилоттық жобаны тек бір санаттан –бұрын электрондық шот-фактураларын қайтарып алғандардан бастау керек. Бұл тетікті басқа топтарға қоспай тұрып, сынап көруге мүмкіндік береді», – деді Айсұлу Молдағалиева.
Сонымен қатар, «Е-Тамға» қолданылмайтын салық төлеушілердің «ақ тізімін» кеңейту ұсынылады. Оған салық мониторингіне қатысушылардан бөлек: ҚҚС бойынша жеңілдіктері бар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен мемлекеттік қолдау алатындар; лицензиялар мен рұқсаттары бар бизнес субъектілері (медициналық ұйымдар, білім беру ұйымдары, банктер); ҚҚС есептеу ерекшелігі барлар (экспедиторлар, комиссионерлер және т.б.) енгізілуге тиіс.
Бұдан бөлек, бақылау мерзімін бір жылдан алты айға дейін, ал салықты тұрақты төлейтіндер үшін үш айға дейін қысқарту ұсынылады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар «Е-Тамға» жүйесінің басты мақсаты – «жалған мәмілелермен» күресті қамтамасыз етіп, адал бизнеске қосымша ауыртпалық түсірмеуге көмектеседі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: