Өнер мен өнім - өңір бренді
Абай облысының Кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бренд-комитеттің отырысы өтті. Бұл жоба ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, өңірдің ерекше өнімдерін танытуға, ұлттық дәстүрге негізделген тауарларды нарыққа шығаруға бағытталған.
Отырысты палата директоры М.А. Суйчинов ашып, жобаның өңірлік кәсіпкерлік үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бастаманың негізгі міндеттері – ауылдық кәсіпкерлікті қолдау, жергілікті брендтер қалыптастыру, халықтың табысын арттыру және экспортқа шығу мүмкіндігін кеңейту. Осы ретте кәсіпкерлер өндіріс технологиялары бойынша оқудан өтіп, тауар белгілері мен сапа стандарттарын енгізіп, жергілікті өнімнің сертификатын алу арқылы өз ісін жаңа деңгейге шығарады. Мұндай шаралар бизнесті дамытудың сенімді негізін қалап, нарыққа шығудағы кедергілерді азайтады.
Бұған дейінгі алғашқы кезеңде 35 кәсіпкер бақ сынап, олардың арасынан үздік деп танылған 10 үміткер келесі кезеңге жолдама алған болатын. Бұл жолғы кездесуде олар өз өнімдерін комиссия мүшелеріне таныстырды. Таныстырылған тауарлардың ішінде арнайы шөптерді қосып дайындалған құрт, төрт түлік жүнінен тігілген төсек-жабдықтары мен киімдер, ұлттық нақыштағы қуыршақтар, жергілікті өсімдіктерден жасалған емдік тұнбалар және басқа да қолөнер бұйымдары бар.
Комитет мүшелері әр өнімнің сапасы, нарықтағы сұранысы және болашақтағы даму әлеуетіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өндірістік процестерді жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнімдерін кең ауқымға тарату жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Жоба аясында мемлекет тарапынан үйрету, бағыт беру, кеңес беру, тіпті өнімді өткізу үшін нарық табуға көмектесу сияқты кешенді қолдау тетіктері қарастырылған.
Қорытынды шешім бойынша үш бағыттағы өнім үздік деп танылды:
* ұлттық нақыштағы қолдан жасалған сабын;
* жергілікті шикізаттан дайындалған сүт өнімдері;
* киізден әзірленген қолөнер бұйымдары.
Жиын қорытындысы бойынша аталған жеңімпаздарға арнайы сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, олар қолдауға ие болып, алдағы уақытта өндірісін ұлғайтуға, өнімдерін жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндік алады. Үздік деп танылған финалистер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен шағын және орта кәсіпорындарға арналған 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грантқа қатыса алады. Сондай-ақ финалға шыққан кәсіпкерлерге өз өнімдерін республикалық деңгейдегі көрмеде таныстыру мүмкіндігі беріліп отыр. Ал жобаның қалған қатысушыларына Палата тарапынан әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілмек.
Жалпы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдағы қарапайым кәсіптің үлкен мүмкіндікке айналатынын дәлелдеп келеді. Бұл бастама жергілікті тауар өндірушілердің өз әлеуетін ашуына жол беріп қана қоймай, ұлттық дәстүрді сақтап, жаңа буынға жеткізуге де үлес қосып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: