astana-view

Автотасымалдауда өзін-өзі реттеу енгізіледі: заң жобасы талқылануда

2025 жылғы 08 Қазан
263 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында Палата Төралқасының Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселесі жөніндегі Комитеті мен ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау Комитетінің бірлескен отырысы өтті.

Кездесудің басты тақырыбы – жолаушылар тасымалы саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру туралы заң жобасын талқылау болды.

ҚР Көлік министрлігі ұсынған заң жобасы мемлекеттік функциялардың бір бөлігін өзін-өзі реттейтін ұйымдарға (ӨРҰ) беру механизмін қарастырады, бұл ретте мүшелік міндетті болмақ. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – нарықты ашық әрі айқын ету, бизнестің әкімшілік жүктемесін азайту және тасымалдаушылардың қызмет сапасына деген жауапкершілігін арттыру.

«Кейбір функцияларды ӨРҰ-ға беру – саланың өзін өзі реттеуіне қадам жасауы. Бұл нарықтағы өзгерістерге жедел жауап беруге, инновацияларды енгізуге және қауіпсіздік пен қызмет көрсету стандарттарын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді «Атамекен» ҰКП Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселесі жөніндегі Комитет төрағасы Асланбек Жақыпов.

Жиынға қатысушылар өзін-өзі реттеуге көшу кезең-кезеңімен және мұқият дайындалуы керек деген пікірге келді. Алғашқы кезеңде өзін-өзі реттеуді пилоттық жоба ретінде Астана қаласындағы жолаушылар автокөлік тасымалы саласында енгізу туралы шешім қабылданды. Пилот нәтижелері бойынша механизмнің тиімділігі бағаланып, табысты тәжірибені басқа өңірлерге тарату мүмкіндіктері анықталады.

Пилотты жүзеге асыру бойынша жұмыс тобына Көлік министрлігі, «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысады.

Кездесу барысында өзін-өзі реттейтін ерікті ұйымдарға қазірден бастап Көлік министрлігімен ӨРҰ қызметін тану туралы келісімдер жасасу ұсынылды. Бұл қолданыстағы заңнамада қарастырылған және аталмыш ұйымдардың мемлекеттік нарықты реттеудегі кәсіби серіктес ретінде рөлін ресми бекітуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП Төралқасының Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселесі жөніндегі Комитеті мен Көлік комитеті кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардан ұсыныстар жинау арқылы бірлескен жұмысын жалғастыра бермек. Мақсат – бизнестің еркіндігі мен қоғамдық мүдделерді қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін өзін-өзі реттеуді енгізудің оңтайлы моделін әзірлеу.

Отырыстың қорытындысы бойынша заң жобасын әрі қарай жетілдіру мен ұсыныстар әзірлеу ҚР Көлік министрлігінің құзыретінде екені айтылды.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП өкілдері пилоттық жобаны тиімді іске қосу үшін мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен үздіксіз әрекет орнатуға дайын екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер