astana-view

Жаңа индустриялық жобаларды жүзеге асыру үшін Павлодар облысында мүмкіншілік жетерлік

2014 жылғы 20 Маусым
- Павлодар облысы
11873 просмотров

ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Павлодар өңіріндегі жұмыс сапары аясында облыстағы ірі өндірістік нысандар жұмысымен танысып шықты.

Павлодар мұнай-химия зауытында болғанда Төралқа Төрағасы мұнайды алғашқы және екіншілік қайта өңдеу бойынша технологиялық цехтардың, қазақстандық мұнайды қабылдау үшін тік болат резервуарлардың іске қосу кешенін, азотты-қышқылды станция жұмысымен танысты. Бұл нысандар технологиялық қондырғылар жиынтығы жөнінен бірегей және мазуттан қосымша құнды мұнай өнімдерін алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта шикі мұнайды қайта өңдеу бойынша өнімділікті жылына 7,5 млн. тоннаға дейін, оны қайта өңдеу тереңдігін 90 және одан жоғары пайызға ұлғайту және шығарылатын өнім сапасын Еуро-5 стандартына дейін жеткізу үшін зауытты жетілдіру бойынша жоба қолға алынған.

«Нефтехим LTD» компаниясы мұнай газдарын қайта өңдеу саласындағы жетістіктерін көрсетті. «Нефтехим LTD» басшысы Ерлан Құсанов меншікті өндірістегі пропиленді түйіршіктеу бойынша цех құрылысының бастау алғандығы туралы хабарлады.   

Ұлттық палата басшылығы барған келесі орын «Павлодар» АЭА пилоттық жобаларының бірі, жалпы құны 10,3 млрд теңге тұратын «УПНК-ПВ» ЖШС салынып жатқан мұнай коксын қыздыру зауыты болды. Оған үлкен үміт артылып отыр – жоба отандық шикізатты қолданумен қазақстандық алюминийді алудағы маңызды кезең болып табылады. Тимур Құлыбаев сонымен қатар күкірт-қышқылды зауыт құрылысы бойынша жобаны жүзеге асырумен танысты. Ол күкіртті сақтау және қайта өңдеу проблемаларын шешуге көмектеседі.

ҰКП Төралқа Төрағасы Павлодар облысының әлеуетіне және мұндағы бизнес ахуалдың дамуына жоғары баға берді.

«Жаңа индустриялық жобаларды дамытуға мүмкіншілік баршылық. Мұнай химиясы паркі бар, индустриялық аймақ құрылуда. Өңірдің даму картасына қажеттің бәрі бар. Қазірде, ЕАЭО жағдайында Қазақстан ішінде де, шетелде де бәсекелестік негізде өнім жеткізетін жаңа жобаларды дайындап, жүзеге асыру біздің міндетіміз», - деді Тимур Құлыбаев.

Индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асыруға қаражат бөлініп жатқаны белгілі. Кәсіпкерлер палатасының алдында Өңірлік даму картасына жобаларды ұсыну міндеті тұр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер