astana-view

«ҰКП Съезі – бизнес өкілдері үшін таптырмас тәжірибе алмасу алаңы»

2014 жылғы 26 Маусым
- Павлодар облысы
10841 просмотров

Амангелді БЕЙСЕНБИНОВ, Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, ҚР ҰКП Съезінің делегаты

Бұған дейін кәсіпкерлер қауымы басына төнген бар проблемамен жалғыз күресіп келгені мәлім. Бірақ, «жалғыздың үні шықпайды» емес пе? ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуымен біздің де «көзіміз ашылды». Отандық бизнеске қатысты қандай мәселе болмасын өз пікірімізді ашық білдіріп, ұсынысымызды бүкпесіз айта алатындай деңгейге жеттік. Ең бастысы, сол пікірлеріміздің аяқсыз қалмайтынын көрдік. Бұған, кеше ғана Елорда төрінде өткен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының І Съезі дәлел.

Өз басым осынау алқалы жиыннан ерекше шабытпен оралдым. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Тимур Құлыбаев сынды ел ағаларының қатысуы айтулы шараның мән-маңызын арттыра түскені анық. Бизнес өкілдері мен биліктің қатар отырып, тең әріптес деңгейінде мәжіліс өткізгені көп жағдайдан сыр шертетіні анық. Біріншіден, Палата мемлекет пен бизнес арасындағы алтын көпірге айналды. Екіншіден, бұл – бүгінгі таңдағы ҰКП-ның биік беделінің дәлелі.

Палатаның алғашқы Съезі еліміздің әр өңірінен жиналған 300-ге жуық делегаттардың басын қосты. Осы ретте, мына жайтты түсіндім. Біз көп жағдайда өз қазанымызда өзіміз қайнап жүре береді екенбіз. Бір елде тұрып қай өңірде қандай өндіріс орындары бар, нендей тауарлар шығарылатынынан хабарсыз болдық. Соның салдарынан, өз елімізде өндірілетін отандық тауарларды тұтынбай, өндірісімізге қажетті шикізаттарды шетелден тасымалдап келген жағдайымыз бар. Ал Съезд барысында еліміздің өзге де облыстарындағы кәсіпкерлермен танысып, пікір алмасып, бизнес әріптестік орнаттық. Сондықтан бұл жиын біз үшін екі есе табысты өтті десек қателеспеспіз.

ҚР ҰКП-ның алғашқы Съезі барысында ұйым, кәсіпкерлердің алдына бірнеше мақсаттар қойылды. Палата жұмысының 2017 жылға дейінгі даму стратегиясы құрылды. Біздің басты мақсатымыз – 2030 жылға дейін ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу. Бұл мақсаттарды абыроймен орындайтынымызға сенімдімін. Себебі, Кәсіпкерлер палатасы қазірдің өзінде үлкен күшке айналды. Және біздің басты құндылығымыз – бизнестің бірлігінде. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер