astana-view

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі мен Алматы қ. КП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің бірлескен отырысында бизнестің жүйелік проблемалары талқыланды

2016 жылғы 07 Сәуір
6955 просмотров

Күн тәртібіне Алматы кәсіпкерлері жүйелі түрде тап болатын өткір де өзекті проблемалар қойылды. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтандыру ұйымдарына арналған коммуналдық меншік нысандарын жалға алу құны жөніндегі мәселе әлі күнге дейін шешілмеген, кәсіпкерлердің ақпараттық сипаттағы маңдайша жазуларына негізсіз салық салу туралы шағымдары  қабылданды, «Тоспа су» МКК-ның, сәулет және қала құрылысы басқармасының, Алматы қ. Мемлекеттік кіріс департаменті аудандық басқармаларының құқыққа қайшы әрекеттері және басқа да экономикалық қызмет саласындағы жүйелі құқықбұзушылықтар жөніндегі мәселелер.

Ең өткір және қисынды түйінін таппаған мәселелердің бірі мектептер мен ауруханалардағы асханаларды жалға алу құнының бірнеше дүркін өсуі болып отыр.

«Бас прокуратура Палатаның аталған бұйрықтың заңсыз екені туралы ұстанымын қолдады, және де бұйрықты әзірлеушінің атына – Ұлттық экономика министрлігіне заң бұзушылықты жою қажеттігі туралы хат жолдады. Өкінішке орай, Ұлттық экономика министрлігі анықталған бұзушылықтарды сол күйі жойған жоқ, бұйрық әлі күшінде, Бас прокуратураның ұсынысы шын мәнінде назарға алынбады. Бұл нағыз профанация!»,– деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның ҚР Парламенті Сенатындағы өкілі Ғани Қасымов.

Асханаларды жалға алу мәселесі бойынша мынадай қарар жасалды: Ұлттық палата Бас прокуратураның атына Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы №212 бұйрығына прокурорлық жедел жауап қайтару актісін енгізуін сұрап қайтадан хат жолдауы тиіс.   

Кәсіпкерлер құқықтарын бұзудың ең сорақы оқиғасы деп жылдан астам уақыт бойы соттың шешімімен Алматы қ. Сәулет және құрылыс басқармасынан СЖТ (сәулет-жоспарлау тапсырмасы) ала алмай жүрген жеке кәсіпкер Төлендиеваның ісін айтуға болады. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әділет министрлігіне және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросына хаттар жолдаған болатын. Соның нәтижесінде Алматы қаласының прокуратурасы Сәулет басқармасының басшысы Садырбаевқа заң түсіндірмесін тапсырды, ал Алматы қ. Әділет департаментінің сот орындаушысы Алматы қ. Ішкі істер департаментінің атына Садырбаевты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс-хат жолдады.

Отырыста экономикалық қызмет саласындағы құқықбұзушылықтар бойынша басқа да проблемалық мәселелер қаралды.

«Елімізде кейбір экономикалық құқықбұзушылықтар үшін бас бостандығынан айыру мерзімдерін 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін кісі өлтіру қылмыстарының жазасымен салыстыруға болады. Мысалы, жалған кәсіпкерлік үшін түрмеге 7-ден 10 жылға дейінгі мерзімге отырғызылуы мүмкін, ұйымның  салығын төлеуден жалтарғаны үшін 6-дан 10 жылға дейін. Бізде мемлекеттік органдар бюджеттік қаражат қорын толтыру әрекетімен кәсіпорын жұмысының берекесін кетіруге, есепшотқа тыйым салуға, кәсіпкерді отырғызуға дайын тұрады. Мұның бәрі бюджетті толықтыру қажеттілігімен «ақталады». Біз экономикалық құқықбұзушылықтар бойынша қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманы ізгілендіру жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірледік», – деп баяндады Ғ.Қасымов.

Бизнесті қорғау жөнінде жүргізіліп отырған жұмыс жайында Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратовтың хабарлауынша, бүгінгі күні Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша 11 500-ден астам шағым келіп түскен, олардың 900-ге жуығы – Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасына келген. Бұл тұрғыда Алматы қ. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына келіп түскен шағымның ең көбі мына салалар бойынша: салықтық құқықбұзушылықтар (20%); кәсіпкерлер арасындағы даулар (14%); жер, сәулет, құрылыс мәселелері (10%); сатып алулар (7%); лицензиялар мен рұқсатнамалар  (4%); қаржы секторы (4%); көлік (3%) және т.б.

Іс-шара аясында қала кәсіпкерлеріне Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл Болат Абылқасымұлы Палымбетов таныстырылды, ол бұл лауазымға Мемлекет басшысының жарлығымен 2016 жылдың 19 ақпанында тағайындалған болатын.

«Бизнес пен биліктің өзара іс-қимылы елдің тұрақты дамуының маңызды бір факторы болып табылады, сондықтан да бизнесті жүргізуде әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі жұмыс күшейтіледі», – деп атап өтті Болат Палымбетов.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер