astana-view

Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен есептік кездесуде өңірлік бизнестің проблемалық мәселелері талқыланды

2016 жылғы 06 Сәуір
6318 просмотров

Күн тәртібіне өңір бизнесмендері үнемі тап болып отыратын өзекті проблемалар шығарылды, атап айтқанда, жер телімдерін алу, мүліктік жалдауға мемлекеттік мүлік нысандарын беру кезінде қиындықтар туындайды. Тағы бір толғақты мәселе – жолаушылар тасымалы тарифтерінің тасымалдаушылардың іс жүзіндегі шығындарына сәйкес келмеуі.

Жер телімдерінің қолжетімсіздігі проблемасын шешу үшін аукциондарды кезең-кезеңімен өткізу ұсынылды, бұл жағдайда кәсіпкерлердің қандай да бір телімді алу жөніндегі ұсыныстары аукционға шығарылатын жерлердің тізімін жасаған кезде ескерілуі тиіс. 

БҚО-да барлығы 444 елді мекен бар (оның ішінде екі қала – Орал мен Ақсай), олардың 246-ның бас жоспары жоқ. Себеп – аталған мақсаттар үшін бюджет қаражатының жоқтығы. Оған қоса, облыстың 188 елді мекенінде бас жоспарлар өткен жүзжылдықтың 70-80 жылдарында әзірленген және қала құрылысының талаптарына жауап бере алмайды.

Аталмыш мән-жайлар жер телімдерін беруден бас тартуға негіз болып отыр. Бұл тұрғыда қолда бар бас жоспар мен детальды жоспарлау жобасын (ДЖЖ)  өзгерту – жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) құқығы.  Іс жүзінде ДЖЖ-ның сәйкессіздігіне орай жер беру немесе жердің нысаналы мақсатын өзгерту  сыбайлас жемқорлыққа жол ашады, себебі ЖАО (жер комитеті, сәулет бөлімі) кәсіпкерлерді өздеріне ДЖЖ-ны өзгертуге  мүмкіндік жасағаны не болмаса жер бергені (нысаналы мақсатын өзгерткені) үшін және ДЖЖ-ның сәйкес келмеуі кезінде сыйақы беруге мәжбүрлейді.

Жолаушылар тасымалы тарифтерінің тасымалдаушылардың іс жүзіндегі шығындарына сәйкессіздігі мәселесі бойынша тиісті бюджеттерден  тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауға қаражат қарастыру немесе  есеп айырысу тарифін жолаушылар тасымалы саласында қамтылған кәсіпкерлік субъектілері қызметінің қажетті рентабельділігін қамтамасыз ететін деңгейге дейін көтеру мәселесін қарастыру ұсынылды.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл Болат Палымбетов бизнес пен биліктің өзара іс-қимылы елдің тұрақты  дамуының маңызды факторларының бірі екендігін атап көрсетті. Сол себепті кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға мүмкіндік беру қажет, егер көмек көрсете алмайды екенсің, онда кедергі жасама. Және де бюрократиялық тосқауылдарды барынша азайтқан жөн.

Ұлттық палатаның Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров мәлімдегендей, «Атамекен» қолданыстағы заңнамаға барлығы 1100-ден астам түзету әзірлеп ұсынған, оның 850-і мақұлданған. «ҰКП-ның қатысуымен әкімшілік кедергілерді едәуір қысқартуға және бизнестің проблемаларын шешуге көмектесетін бірқатар заңдар әзірленді. Бұл – 2014 жылдың желтоқсан айында қабылданған ҚР-ның «Кәсіпкерлік қызметті жүргізуге арналған жағдайды түбегейлі жақсарту бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы. Кәсіпкерлер үшін осы заңның жалпы экономикалық тиімділігі 14 млрд. теңгеден асады», – деп нақтылады ол.

Одан бөлек, биылғы жылдың 29 наурызында Мемлекет басшысы рұқсатнамалық құжаттарды қысқарту туралы заңға қол қойды, онда 153 рұқсаттаманы оңтайландыру және қысқарту көзделген. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер