astana-view

Кәсіпкерлер денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті жеделдетуде бастамашылдық танытуда

2016 жылғы 15 Сәуір
7807 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Жұмысшы тобының бірінші отырысы өтті. Іс-шараға ұлттық экономика, қаржы, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, инвестициялар және даму, әділет министрліктерінің, кәсіптік қауымдастықтардың, Астана қ. әкімдігінің, "Астана Innovations" АҚ, «Қазақстандық МЖС орталығы» АҚ, «МЖС жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Жол картасын талқылады, Жамбыл және Алматы облыстарында денсаулық сақтау объектілерін сенімгерлікпен басқаруға беру тәжірибесімен танысты, сондай-ақ, МЖС бойынша конкурстық құжаттама және келісім-шарт, жоба тұжырымдамасын келісу рәсімдерін талқылады.

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамыту ҚР Президенті  Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында (81-қадам: Жеке меншік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерде корпоративтік басқаруды енгізу) көрініс тапқан.

Биылғы жылдың наурыз айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның төрағалығымен, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің, Қазақстандық МЖС орталығының, МЖС жобаларын сүйемелдеу орталығының және бизнес-құрылымдар өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті денсаулық сақтау саласында енгізу және дамыту мәселелерін талқылау жөніндегі мәжіліс өткізілген болатын.

Мәжіліс барысында Юлия Якупбаева атап өткендей, МЖС-ні денсаулық сақтау саласында қолдану тетіктерін табысты іске асыру үшін Ұлттық палатамен бірлесіп МЖС-нің пилоттық жобаларын жүзеге асыруды бастау керек: 1– республикалық, 2 – өңірлік (жобалар тізілімі бойынша жаңа объектілердің құрылысы), сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында МЖС жобаларын келісу рәсімдерін оңтайландыру үшін «жобалық кеңсе» деп аталатынды құру.

Жақын уақытта ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ҚР ҰКП-мен бірлесіп МЖС-тің денсаулық сақтаудағы пилоттық жобаларын анықтайтын болады, содан кейін оларды сүйемелдеу бойынша жобалық кеңсе құрылады және денсаулық сақтау саласында МЖС рәсімдері барынша оңтайландырылатын болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер