astana-view

Өскемендік бизнес-ханымның табыс сыры

2016 жылғы 29 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
10325 просмотров

Өскеменде «Шағын бизнес саласындағы жылдың үздік кәсіпкері» конкурсының қорытындысы шығарылды және 7 аталым бойынша жеңімпаздар марапатталды 

«Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын»  аталымында жаңаша жұмыс жасайтын бизнес-ханым Кристина Кузнецова конкурс лауреаты атанды. 

Кристина Кузнецова – осы  заманға лайықты, сұлу және табысты бизнес-ханым, «Why not» люкс санатына жататын сұлулық салонының иесі, оның шеберлері күн сайын өз ісінің озаттары екендіктерін дәлелдеп келеді.

Басшылық салон жұмыс істей бастаған алғашқы күндерден бастап шаштараз өнерінің жаңа технологиясын қолдана бастады. Мұнда көрсетілетін қызмет түрі саналуан, көпшілігі қала тұрғындарына таңсық.

– Кристина, «Шағын бизнес саласындағы жылдың үздік кәсіпкері»  конкурсындағы жеңісіңізбен құттықтаймыз. Өз әсеріңізбен бөлісе отырсаңыз.  

– «Үздік кәсіпкер» конкурсы бизнесмендерді жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ынталандырады, бизнестің осы өңір дамуына қосып жатқан үлесін көрсетеді. Конкурстың лауреаты атану, мен үшін күтпеген тосын жаңалық. Бұл менің дұрыс бағытта келе жатқанымды айқындайды. Жолымда қандай қиындық кезіксе де, қажырлы еңбегім мен өз-өзіме деген сенімімнің арқасында табысқа жеттім. Конкурс нәтижесі – соның айқын айғағы.

– Өзіңізді табысты бизнес-ханым ретінде сезіну қалай екен? Өзіңізді кемеліне жеткен адаммын деп есептейсіз бе, әлде әлі де өсе түсуім керек деп ойлайсыз ба? 

– Жеткен жерімде тоқтап қалсам, тоқыраймын. Жарты жолға ғана жеткендеймін. Оның үстіне, мақсат қойғаннан кейін, соған жету үшін өзімді қамшылаймын. Қиындықтарға кезіккен сайын шыңдала түсемін.

– Бизнес жүргізудің ерекше қыр-сыры қандай? 

– Әрине, бәрі клиенттермен, жабдықтаушылармен, бәсекелестермен, қызметкерлермен, заңмен арадағы қарым-қатынасқа байланысты.  Мысалы ұзақ мерзімді мақсатыма сай емес іске, заңға қайшы әрекеттерге бармаймын. Өз қызметкерлеріммен әрдайым адал қарым-қатынас жасаймын, пікірлеріне құлақ түремін. Өзіме ұнамайтын мінез-құлық пен іс-әрекетті оларға да көрсетпеймін. Клиенттерімнің талаптарын ескеріп, жоғары сапалы қызметпен қамтамасыз етуге тырысамын.  Клиенттің көңілін табу – басты міндет деп білемін.

– Жеке өміріңізге бизнестің бөгеті бар ма?  

– Барлық уақытыңды бизнеске жұмсаудың қажеті жоқ. Әрқашан сабыр сақтау керек, әйтпесе, достан да, жардан да, туған-туыстан да айырыласың. Сені күніне екі-ақ сағат көріп, компьютерге немесе телефонға телмірген түріңе қарап отыру қай еркекке ұнайды дейсің? Әйел адам болған соң, ана атануым керек, сәбилі болған шағымда отбасыма көбірек уақыт арнаймын. Дегенмен жеке өмірді де сүріп, табысты қызметті де  қоса атқару қиял емес қой, бәрін де үйлестіре білу керек. Әйелдің қайраты қай шыңды болса да  бағындырады ғой. 

– Жаңадан бизнес бастаған кәсіпкер әйелдерге қандай кеңес бересіз?

– Ең бастысы мақсатың болсын, сонан соң еш іркілмей алға тарт, ешкімді тыңдама. Кедергі тек қана қайратыңды шыңдасын, өрге сүйресін. Әйел  қажыр-қайратқа мінсе, күш бітеді. Әрине, сенім күші керек.

Фаина Раневская «Әйел – әлсіз жан емес, әлсіз жан – шіріген тақтай» деп  айтқан екен, мен бұл сөздерге толығымен қосыламын. Тек қана, алға!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер