astana-view

Жастар ұмтылар меже биік

2017 жылғы 01 Ақпан
5240 просмотров

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Жастар кеңесі ел дамуының басты бағыты анықталған Жолдауды бірауыздан қолдайды.

«Ел болашағы – жастардың қолында. Алдағы 25 жылда да экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын жүзеге асыратын Тәуелсіздік құрдастары көш бастайтын болады. Жастар үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, тегін кәсіптік-техникалық білім берілмек. Сондай-ақ отандастарымыз кәсіпкерлік негіздері бойынша біліп алып, қаржылық сауаттылықты меңгеріп, қызмет көрсету тетіктерін пайдаланып, 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алатын Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бар», – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Жастар кәсіпкерлігі кеңесінің төрайымы, Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, кәсіпкер, Мансап орталығының (кәсіптік бағдар, білім беру және жұмысқа орналастыру) жетекшісі  Айнұр Зауырбекова.

Жас кәсіпкердің айтуынша, көзделген мақсаттар межесі өте жоғары, сондықтан жастар өз мүмкіндіктерін ұтымды жүзеге асыру үшін барлық шараларды қолданған жөн. «Уақыттың өзі жастармен жұмыс істеудің жаңа түрін пайдалануды талап етеді. Жастардың бойындағы әлеуетін дұрыс пайдалану үшін оларды мемлекеттік бағдарламаларды орындауға толық құқылы қатысушы ретінде тарта білу керек. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын жасау алдында жастардың IT-стартап, жасыл экономика саласындағы бастамаларын қолдаудың маңызы зор. Бұл автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, ауқымды мәліметтер қорымен алмасу, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді Төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін бірлесе жасауға және енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Айнұр Зауырбекова.

Аталған міндеттерді Жастар кәсіпкерлігі кеңесі Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Жамбыл облысының үздік жас ғалымы-2016» және «Жастардың үздік инновациялық жобасы-2016» атты байқауларын өткізумен бастап кетті.

«2017 жылы жергілікті атқару органдары жаңа деңгейде бірлесе және жұмыла қызмет атқаруы керек. Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жастармен, оның ішінде Жастар кәсіпкерлігі кеңесімен бірлесе жұмыс істейді деген сенімдеміз», – деген пікір білдірді Кәсіпкерлер палатасы Жастар кәсіпкерлігі кеңесінің төрайымы.

Айнұр Зауырбекованың айтуынша, бірлесе күш жұмсау жастардың бизнес-инкубаторын, жастардың технологиялық бастамаларына қолдау қорын құруға септігін тигізеді. Жолдауда айтылған міндеттерді орындау үшін институционалдық қолдау ретінде халықаралық ынтымақтастық пен тәлімгерлікке қол жеткізіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер