astana-view

Абылай Мырзахметов: Бітірушілерді жұмысқа орналастыруда қиындықтар орын алады

2017 жылғы 08 Тамыз
7763 просмотров

Шешімі бар –  маркетингті өздігінен жүргізу

8 тамыз күні Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысты ұсынысын білдірді – «Қысқа мерзімде кәсіби оқытуды жүзеге асыру».

Абылай Мырзахметов 2017 жылы білім алып жатқан азаматтар санының көптігін, атап айтқанда 70 мың адам – қысқа мерзімді оқытуда, 21 мың адам – тегін кәсіби-техникалық  білім беру бойынша оқып жатқанын ескере отырып, бітірушілерді жұмысқа орналастыруда қиындықтар туындауы мүмкін екенін атап өтті.

«Қысқа мерзімді кәсіби білім алған адамдарға шағын несие, лизинг алуға, еңбек құралы мен жабдығын сатып алу үшін кепілдендіру жүйесін қолдану мүмкіндігін беруді ұсынамыз. Тігінші тігін машинаны, ал токарь білдегін сатып алуға мүмкіндік болады», – деп ұсыныс берді Басқарма Төрағасы.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік негіздерін оқытуда бірыңғай стандарттардың болмауын да атап өтті. «Атамекен» кәсіпкерлік модулін маркетингті өздігінен жүргізуге бағыттауды ұсынады.

«Адамдарды өз қызметін жұмыскер немесе кәсіпкер ретінде сатуға үйрету әлдеқайда маңызды. Қаржы алу мүмкіндігі мен маркетингті өздігінен жүргізуді қатар қолдану  тапсырыс қабылдауға және табыс табуға жол ашады», – деп есептейді Абылай Мырзахметов.

Спикер «Бастау Бизнес» жобасына қатысқан Ақмола облысы Бұланды ауданының тұрғыны Ғайни Ахметованы мысалға алды. Үй шаруасымен айналысып отырған Ғайни Ахметова автокөлікке арнап ұлттық нақышта тысқап тігу идеясын жүзеге асырып, әлеуметтік желі арқылы жарнама жасай отырып, тапсырыс алды және өз өнімін өткізуді де реттеген.

«Атамекен» палатасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісіп, Бағдарламаға өзгертулер топтамасын әзірлеп жатыр. Онда осы айтылған ұсыныстардың барлығы да енгізіледі», – деп тұжырымдады Абылай Мырзахметов.

 

Анықтама үшін:

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанда жүйелі үздіксіз кәсіби білімді қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп тұрған, сондай-ақ жаңадан ашылған оқу орталықтарын бірлестікке, кластерлерге, консорциумдарға біріктіру және оларды құру жұмысын жүйелі атқарып келеді.

Еліміздің 16 өңірінде 95 оқу орталығы ашылды, оның ішінде 5-еуі ­­– оқу кластері. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қатысуымен 56 оқу орталығы ашылды, жұмыс істеп тұрған 36 оқу (ресурстық) орталығымен ынтымақтастық жөніндегі келісім жасалды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының бұйрығымен (№163 от 4.07.17 ж.) «Кәсіби дайындау, қайта дайындау біліктілікті артыру мен техникалық және қызмет көрсету еңбегі (мамандығы) бойынша біліктілік санатын беру жөніндегі оқу орталықтарының Реестрін дайындау мен жүргізу тәртібі туралы ереже» (Реестр) бекітілді, бұл Реестрмен atameken.kz танысуға болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекеннің» өндірістік кәсіпорындарда қысқа мерзімде дайындау бойынша оқу орталықтарын ашу туралы ұсынысын мақұлдады.

Нәтижесінде, 46 оқу орталығы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына әлеуетті қатысушысы ретінде анықталды.

Бүгінде Реестрге мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінім берген кәсіпорындар жанындағы 42 оқу орталығы енгізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер