astana-view

Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша институционалды жүйе құру ұсынылды

2018 жылғы 11 Сәуір
9116 просмотров

«Атамекен» алаңында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың төрағалығымен  тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесіне қатысты селекторлық жиналыс өтті.

Ұлттық палатада бизнеспен адал айналыспайтын кәсіпкерлердің қызметі жалғасын тауып келе жатқандығы айтылды. Өкініштісі, мұндай қызметтің соңы көп жағдайда қайғылы оқиғаларды тудырып жатады. Мысалы Шымкенттегі балмұздақтан жаппай улану оқиғасы осыған айқын дәлел, санитарлық-эпидемологиялық талаптарды сақтамаудың салдарынан осындай жағдай орын алатыны белгілі.

«Атамекен» ұсынған шаралардың бірі – тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша институционалды жүйе құру арқылы қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Бұл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін оппонент болып, тұтынушылар құқығының қорғанысына айналуы керек. Сондай-ақ Үкімет пен бизнестің серіктесі ретінде қалыптасып, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнаманы сақтауға қатысты жан-жақты және сапалы қорытындыны бере алатын ірі де салмақты ұйымға айналуы тиіс.

«Қазақстанда 60-қа жуық қоғамдастық жұмыс істейді. Бұл бағыттағы бірігу жағы әлсіз. «Атамекен» тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша қоғамдағы азаматтық институтты қалай сапалы әрі ықпалды етуге болатынын түсіну үшін  осы кездесуге бастама жасады. Институт білікті мамандар мен сарапшыларды тарта алуы тиіс. Біз пікір алмасуға дайынбыз. Ең бастысы бағытты айқындау қажет. Бастапқыда мемлекет тарапынан қандай да бір салым, инвестиция құйылу керек. Екінші жағынан қоғам тарапынан да кері байланыс орнауы тиіс. Осы жиналыс байланыс орнатудың бастапқы қадамы болмақ», – деді Рустам Жүрсінов.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рустам Ахметов осындай институттарды құруда орын алып отырған мәселелерді атады.

«Бұл мәселені дәл кәсіпкерлік қоғамдастықтың көтеруінің өзі үлгілі. Мәселе бар, қоғамдық институттарды дамыту қажет, бірігу керек, онымен келісеміз. Бұл жүйенің түйткілдері де аз емес. Ең бірініші – уәкілетті органға бақылау-қадағалау функциясы берілмеген. Дегенмен тұтынушы жүгінеді және нақты бір жауапты күтеді. Мұнда тек құқықты түсіндірумен және қажетті органға жіберумен шектелеміз», – деп хабарлады Рустам Ахметов.

Бұдан тағы бір мәселе туындайды, мемлекеттік органдардың барлығы бірдей тұтынушылар құқығын қорғайтын органдардың бірі екендіктерін түсінбейді.

«Соңғы айтатын мәселе – бірлестіктерді жұмыс жүйесі. 120 бірлестік тіркелген, нақтысы олардың 60-ы ғана жұмыс істейді. Жартысы қаржыланжыру көзі, материалдық, техникалық база мен сарапшылар болмағандықтан жұмысын тоқтатқан», – деді министрлік өкілі Рустам Ахметов.

Комитеттің мәліметінше, 2017 жылдың қорытындысы бойынша тұтынушылардан 30 мың өтінім мен шағым түскен. Оның 74% қаржылық қызметке қатысты, көп бөлігінде қарыздың құрылымын қайта қарау, несиеге қатысты ақпаратты толық бермеу, жасырын пайыздық қарыз мәселелерін көтереді. Одан кейін 10% тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты – Пәтер иелері кооперативі жұмысының адалдығы, ерікті жарна көлемі, тауарлар сапасы, жарамдылық мерзімі, кепілдік, сондай-ақ тауарды қайтарып беру мәселелерін қозғаған.

«Тұтынушылық сауатты дамыту қажет деп есептеймін. Тұтынушылар өз құқықтарын білмейді, бір – бір. Екінші – нормативті-құқықтық базаның орындалуы үшін сот жұмысын қадағалау керек. Себебі бүгінде жүргізу тәжірибе туралы айтатын болсақ – оның жұмысы тоқтаған», – деп пікір білдірді «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Светлана Романовская.

«Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдастықтың» Басқарма төрағасы Қабыкен Закарьянов орын алған жаңдайға алаңдаушылық білдірді, алайда жеке құрылым құрудың қажеті жоқ, одан да құқықтық жақты күшейтіп, тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңды күшейтіп, қызмет көрсетушілер, өндірушілер, жалпы кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру керектігін алға тартты. Оның айтуынша, егер қоғамдық кеңес құрылса, ол Үкіметтің деңгейінде жасалып, сол жерде қаржыланыру мәселесін де шешу керек.

«Адал» кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктің президенті Артық Сейітқалиева әріптесінің пікірін қолдап, жеке құрылым құрудың қажеттілігі жоқ екенін атап өтті.

«Қоғамдық бірлестіктерге бақылаумен айналысуға ешкім мүмкіндік бермейді. Мәселе қоғамдық бақылау түрінде айтылмауы тиіс, үрдіс екі тараптың байланысы формасында жүруі тиіс», – деді «Атакент» адам және тұтынушылар құқығын қорғау орталығы» ҚБ төрағасы Сергей Федосеев.

Кездесу соңында алдағы уақытта уәкілетті органмен бірге пысықтау үшін барлық айтылған ұсыныстар мен идеяларды «Атамекенге» жолдау шешімі қабылданды. Қажет болған жағдайда мәселелер Үкіметтің ашық талқылауы мен қарауына шығарылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер