astana-view

Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес Қарағанды облысына барды

2014 жылғы 23 Қыркүйек
2295 просмотров

Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес Қарағанды облысына барды, деп хабарлайды BusinessNews.kz Ұлттық палата баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында өңір кәсіпкерлері үшін жүйелі проблемалар жәйі сөз болып, бизнесті жүргізуге кереғар болған кейбір лауазым иелерінің аты аталды. Жер телімін бөлуге қарсылық білдіру, сәулет-жоспарлау құжаттарының болмауы себепті құрылыс салуға рұқсаттың болмауы, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында туындаған қиындықтар Қарағанды облысы кәсіпкерлері ұшырасатын қиындықтардың бір парасы ғана.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік Комитеті төрағасы Талғат Доскеновтың айтуынша, бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан бөлініп отырған көңіл айрықша. «Жеңілдетілген несие қарастырылған мемлекеттік бағдарламалар бар, тексерулерге мараторий жарияланды. Алайда, бизнес ахуалдың жағдайы өзгеріссіз қалып отыр», - деді Талғат Доскенов.

Оның айтуынша, бар мәселе жергілікті атқарушы билік органының елдегі бизнесті дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына немқұрайлы қарауында.

Айталық, «Пак Р.Н.» жеке кәсіпкерлік иесі жерді уақытша қолдану құқын иемденгенімен, жер аумағына жанар май құю бекетінің құрылысын жүргізе алмай отыр. Оған себеп – Октябрьск ауданының жоспарының болмауы. Осылайша, әкімдік қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан, кәсіпкер өзіне тиесілі жер телімінен айырылып қала жаздаған.

Ал, Қарағанды қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі «Акцент Инвест» ЖШС-не топотүсірілімдер мен схеманы тек Қарағанды қалалық қала құрылысын кадастрлау орталығында әзірлеуді міндеттеген.

«Амир» ЖШС 2005 жылдан бері жер телімін ала алмай келеді. Жер қатынастары бөлімі кәсіпкердің жер телімін алу туралы өтінішін қанағаттандырмай отыр. Тіпті, кәсіпкер өтініші жер бөлу жөніндегі комиссиясында қаралмаған.

«Осы және өзге де келтірілген мысалдар жеке мәселелер, дегенмен мұндай мысалдар әлдеқайда көп»,- деп атап өтті Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.

Сондай-ақ, бірлескен отырыста «Арғымақ» шаруа қожалығының түйіткілді мәселесіне қатысты сөз қозғалды. 2012 жылы Қарағанды облысын үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесі «Арғымақ» шаруа қожалығына қажетті өндірістік инфрақұрылымды жеткізу жобасы мақұлданған. Алайда, құрылыс басқармасы мен өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы өзара осы жобаны іске асыруға қатысты атқарылар міндеттерді бір-біріне итеріп салуы салдарынан жоба екі жылдан бері іске асырылмауда.

Бірлескен отырысқа қатысушылар Қарағанды облысының прокуратурасына жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеру жүргізу туралы ұсыныс етті. Егер лауазымды қызметкрелер тарапынан кемшілік анықталса, облыстық тәртіптік кеңес қарауына шығару жөнінде ұсыныс жасалды,

Атап өткен жөн, кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы 25-қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер