astana-view

Өндірушілердің өкпесі не?

2014 жылғы 22 Қыркүйек
2752 просмотров

Бүгінде кәсіпкерлер арасында сыраны пластикалық құтыда сатуға тыйым салу мәселесі қызу талқылануда. Бұл жөніндегі заң ағымдағы жылдың 13-інші шілдесінде қолданысқа енгізілген. Алайда кәсіпкерлер «талабымыз ескерілмеді» деген уәждерін алға тартуда.

- Шағын және орта бизнесті дамыту қажет деп дабыл қағамыз. Бұл ретте, қабылданған заңның бірқатар қарама-қайшылықтары бар. Бүгінде облыс бойынша сыра тауарын өндірумен және саудалаумен айналысатын кәсіпкерлер аз емес. Яғни, жұмыссыздық мәселесі оң шешіліп, көптеген азаматтар еңбекпен қамтылып отыр деген сөз. Екіншіден, бұл тауар өнімі арқылы қазынаға түсетін салық төлемдері мен акциз мөлшері қомақты екені белгілі. Сондықтан да, қабылданған заң ешкімге де пайда әкелмейді, - дейді «Роса» АҚ-ның басқарма төрағасы Борис Явлонин.

Облыстық салық департамен-тінің бөлім басшысы Мейрамбек Рахметовтың сөзінше, заңның қабылдануы ҚР азаматтарының денсаулығына қатысты мәселелердің туындауымен тікелей байланысты. СЭС мамандары пластикалық құтыдағы сыра зиянды заттар бөлетінін анықтаған. Сол себепті, сыра өнімі шыны және металл ыдыстарда ғана сатылуы тиіс.

Жалпы, сыраның пластикалық сыйымдылықтағы айналымына тыйым салу жөніндегі заң 1999 жылы қабылданған. Алайда бүгінгі күнге дейін заңның орындалуы қадағаланбаған. Себебі салық комитеті бұл заңды басқа мазмұнда түсіндірген. Кәсіпкерлер заңның бұл талабына байланысты басқа пікір айтуда.

- Павлодар өңірінде сыра өндірісі енді ғана дамып келе жатқанда мұндай заңның қабылдануы кәсіпкерлер үшін ауыр соққы болатыны сөзсіз. Жылдар бойы теккен теріміздің қайтарымы осы болғаны ма? - дейді кәсіпкер Олег Селезнев.

- Заң қабылдаған азаматтардың сыра технологиясынан бейхабар екені көрініп тұр. Қондырғы тек пластикалық құтыға құюға негізделген. Басқа ыдыстарға құйылған жағдайда көпіршік атып, тұтынушылардың қарсылығын тудыратыны анық. Сондай-ақ, Кедендік одақтың 2011 жылы қабылдаған «Буманың қауіпсіздігі туралы» акті бойынша пластикалық құтыларды қолдануға рұқсат берілген. Бұл құжат республикалық актілерден жоғары тұр, - дейді кәсіпкер Людмила Стойлова.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы-ның бөлім басшысы Бэла Мунның айтуынша, бұл заң - жалғыз Павлодар облысында ғана емес, республика көлемінде қызу талқыланып жатқан мәселе.

- Аталмыш мәселені бизнес пен мемлекет мүдделерін ескере отырып зерделеу қажет. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары заңнама талаптарында олқылықтар бар екендігін анықтады. Яғни, заңда «алкоголь өнімдерін сатып алу» және «бөліп құю» ұғымдарының нақты анықтамасы көрсетілмеген. Сондықтан да, заң нормасын әр түрлі түсінікте қарастыруға болады. Кәсіпкерлердің өтініші, хаттамалар Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы ҚР Парламенті Мәжілісіне жіберілетін болады, - дейді Б.Мун.

Дерекнамасы: Сарыарқа самалы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер