astana-view

Тәжірибемен үйренеді

2014 жылғы 25 Қыркүйек
2538 просмотров

Атырау облысының сегіз колледжінде студенттер тек оқып қана қоймай, алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданады. Бұл колледждер Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген «Дуальды оқытудың жол картасы» шеңберінде жұмыс істейді.

- Білім берудің дуальды жүйесі дүние жүзінің көптеген елдерінде өзін дәлелдей білді. Ол жұмысшы кадрларды дайындаудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге және өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін едәуір көтеруге мүмкіндік береді. Біз жұмыс берушілермен және колледждермен кездесу жүргізіп, соның нәтижесі бойынша өздерінде білім берудің дуальды жүйесін енгізуді қалайтын кәсіпорындар санын көбейттік. Бүгінде ол сегіз колледжге енгізілген. Түрлі мамандықтар бойынша 22 кәсіпорында 456 студент тәжірибеден өтуде, - деп әңгімелейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Нұржан ҒАНИМҰРАТҰЛЫ.

Атап айтқанда, электрлік монтаждау жұмыстарымен айналысатын «ЭЛМО» АҚ басшылығы биылғы оқу жылы басталғанда өндірістік тәжірибеге 20 студентті қабылдауға дайын екенін білдірген. Бір ғана шарт – еңбек келісімшартын жасап, жалақы төлей алуы үшін студенттер 18 жастан кіші болмауы керек. Бұдан басқа, кәсіпорыннан машықтану тәжірибесінен өндірістік оқыту шеберлері де өтеді.

«АтырауНефтеМаш» ЖШС «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша бүкіл колледж студенттеріне тәжірибеден өту үшін өз оқу орталығын пайдалануды, жақсы аттестациядан өткен кадрларды әрі қарай жұмысқа орналастыруды ұсынды. «КазТурбоРемонт» Сервис орталығы» ЖШС басшылығы жоғары білікті кадрлардың, атап айтқанда, импорттық өндірістегі сандық бағдарламалық басқару станогында жұмыс істейтін токарьлардың тапшылығына алаңдаушылық білдірді. Атырау облысында токарьларды дайындамайтындықтан, ЖШС жыл сайын жергілікті кадрларды оқытатын мамандарды Ресейден шақыртады. «КазТурбоРемонт» Сервис орталығы» ЖШС биыл турбина қалақтарын жөндейтін жаңа желіні салуды жоспарлап отыр. Ол үшін қымбат импортты жабдықтар сатып алуда. Мұндай желі Тайландтағы зауытта бар. Осы желі үшін қызметкерлерді шұғыл дайындау керек, ол үшін Тайландқа тәжірибеден өту үшін адамдар жіберген жөн.

- Осы мәселені шешуге  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасындағы келісімшарт көмектеседі. Соған сәйкес, қазақстандық өндірістік компаниялардың мамандары шетелде тәжірибеден өте алады. Бұл шығындар толықтай мемлекет есебінен жабылады. Есесіне қызметкер кәсіпорында кем дегенде үш жыл жұмыс жасауға және өз білімін әріптестеріне үйретуге міндетті, - дейді Н.Ғанимұратұлы. Ал әзірге «КазТурбоРемонтта» бес студент өндірістік тәжірибеден, екі өндірістік оқыту шебері машықтану тәжірибесінен өтетін болады.

Дерекнамасы: Ақ Жайық


Еншілес ұйымдар

Серіктестер