astana-view

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

2014 жылғы 24 Қыркүйек
2457 просмотров

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ОҚО Кәсіпкерлер палатасында өңіріміздің бизнес өкілдерімен кездесіп, саладағы түйіткілді мәселелер жөнінде ой қозғап, кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Businessnews.kz.

Облыстың кәсіпкерлері атынан сөз алған палата директоры Жеңісбек Дулатов өңір басшысына кәсіпкерлік саласында бүгін танда қалыптасқан негізгі проблемалар төңірегінде баяндап берді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта ең өзекті болып отырған мәселе — ол ауыл шаруашылығы саласына қаржының жетіспеушілігі. Осыған орай, палата субсидияны кепілдікке қою арқылы шаруаларға несие беру мәселесін ұсыныс ретінде көтерді. «Сыбаға» бағдарламасына «1 ірі қараға 3 гектар жайылым болуы керек» деген ережесіне бола шаруалар қатыса алмай жатқандығы айтылды. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-і дәрі-дәрмек өндіруші компанияларға емдеу мекемелерін медециналық препараттармен қамтамассыз еткендігі үшін төлейтін ақыны 120 күннен кейін беретіні, ал бұл өз кезегінде, әлгі компаниялардың айналымдағы қаражатына әсер ететіндігі сөз болды. Басқосуда қозғалған мәселенің бірі — теміржол тасымалының қымбат тарифі кәсіпкерлерге ауыр соғып отыр. Дайын тауарлар үшін төленетін салық өндірген өнімнен түскен пайдаға да салынуда. Бұл әрине, кәсіпкерлерге оңай тиіп жатқан жоқ. Кәсіпкерлер палатасының дтректоры сөз арасында «қара металды шетелге шикізат күйінде шығармай, өзімізде өндіріп, дайын тауар ретінде сатсақ» деген «Феррум-Втор» компаниясының ұсынысын да жеткізіп үлгерді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік жүйелеге байланысты туындаған мәселелерге тоқталған ол шетелдік «Хово» ауыр жүк көлігіне салынатын айыппұлдың өскендігі жөніндегі проблеманы да айналып өте алмайды. «Хово» автокөлігі бар кәсіпкерлер айыппұлдың өскендігіне наразы. Қазір оның құны 1 миллион 800 мың теңгеге бір-ақ шықты. Осыған орай кәсіпкерлер белсенді жұмыс атқара алмай отыр», — деді ол.

Кәсіпкерлік саласында қалыптасқан жоғарыда айтылған проблемалар мен ұсыныстары мұқият тындаған облыс әкімі әр мәселеге жеке-жеке тоқталып, тиісті жауабын берді.

— Кәсіпкерлер палатасының ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауға байланысты көтерген мәселесі орынды, — деді өңір басшысы. — Сондықтан субсидияны кепілдікке қойып, жылдың басында банктен алған несиені жыл аяғында берілетін субсидия есебінен төлеп тастайтын механизмді қарастырып көруіміз керек. Ол үшін мал және егін шаруашылығына берілетін демеуқаржы нақты қандай жағдайда және қай кезде бөлінетіндігі ашық түрде жариялануы тиіс. «Сыбаға» бағдарламасына келер болсақ, жуырда Ауыл шаруашылығы министірлігімен осы жөнінде ортақ бір келісімге келдік. Ведомство тарапынан Оңтүстік өңірі үшін 1 ірі қараға щаққандағы жайылым көлемін қайта қарастыратын болды. «Хово» автокөліктері төңірегінде әңгіме қозғасақ, 40 тонналық бұл ауыр жүк көліктеріне Оңтүстік былай тұрсын, бүкіл Қазақстанның жолы сәйкес келмейді. сондықтан мәселені біржақты қарауға болмайды. Осы жүк көлігінің салдарынан жолдар қайта жарамсыз күйге түсіп жатқандықтан айыппұл көлемін өсіруге лажсыз қадам бастық. Жалпы, бұл мәселені онды шешу үшін мемлекеттік көлік инспекциясының қызметін облыс әкімдігінің құзыретіне бағындыру керек. Немесе инспекция қызметін екіге бөліп, облысқа қарайтын жолдарды өңірлік инспекция арқылы өзіміз қадағалауымыз тиіс.

Кездесуде кәсіпкерлер тарапынан да облыс әкіміне ұсыныстар айтыды. Мәселен, «Қазақ мақта қауымдастығының» төрағасы Сайын Бақтыбаев субсидияны еккен өнімнің көлеміне емес, сапасына қарай беру керектігін алға тартты. «Мақта қазір шығыны көп шаруашылыққы айналған. Айталық, 1 гектар алқапқа мақта өсіру үшін шамамен 130 мыңдай теңге кетеді.Ол көп жағдайда жұмсалған шығынды ақтай бермейді. Сондықтан мақта дақылын өсіруге байланысты барлық субсидия түрлері біріктіріліп, оның 30 пайызы көктемгі дала жұмыстары кезінде берілсе. Қалғаны алған өнімге қарай үйлестірілсе.Сонда шаруаларда өнім сапасын арттыруға деген талпыныс күшейер еді», — деді ол.

Облыс әкімі де Кәсіпкерлер палатасының мүшелеріне өз ұсынысын білдірді. Біріншіден, өңір басшысы Шымкент қаласындағы көлік қозғалысын, жолаушылар тасымалдау қызметін бірлесіп ретке келтіруге шақырады.

— Біз Кәсіпкерлер палатасының тиімділігін сезінуіміз керек. Барлық аудандарда индустриялды аймақтар құрылып жатыр. Оған қазынадан аз ақша бөлінген жоқ. Алайда, индустриалды аймақтарда жүзеге асырылатын жобалар жоқтын қасы. Осыған түйіткілді мәселенің түйінін тарқатуға палата атсалысып, кәсіпкерлерді индустриялды аймақтарға тарту қажет. Облыста экономика саласында қандай проблемалар бар? Кәсіпкерлер ұйымы соны бізге баяндап отыруы тиіс. Әкімдік пен кәсіпкерлер ұйымының байланысы осындай жағдайда өрбуі керек деп есептеймін, — деді Асқар Исабекұлы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер